Білім
Депутат: Семейдегі жайт «Педагог мәртебесі» заңының бұзылғанын көрсетеді
Фото: ашық дереккөз
Семейде жаңажылдық шыршаны безендірген мұғалім биіктен құлап, ауруханаға түсті. Бұл жағдайға қатысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдірді, деп хабарлады qandastar.kz
«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны орнатуға тартып, соның салдарынан бір мұғаліміміздің ауыр жарақат алғаны алаңдатты. Мұндай жағдайды жай ғана “жаңсақтық” деп қарастыруға болмайды.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабында нақты көрсетілген: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынады. Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі “дәстүрлерден” біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу.
Осы оқиға бойынша нақты шаралар қажет:
- Облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.
- Мұғалімдерге тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.
- Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша міндеттерін орындауы тиіс.
Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Министрліктің бұл мәселені бақылауға алғаны – үміт береді.
Жарақат алған әріптесімізге тезірек сауығып кетуін тілеймін», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.