Әлем жаңалықтары
Кэти Лич: Ұлыбритания Қазақстанның киіз үй глэмпингі тәжірибесін енгізді
Фото: ашық дереккөз
Ұлыбританияда киіз үйі туризмі белсенді дамып, саяхатшыларға глэмпингтің ерекше тәжірибесін ұсынуда. Бұл туралы Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич «Kazakh Tourism» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қайрат Сәдуақасовтың «Born Bold. Travel Boldcast» авторлық подкастында айтып берді, деп жазды qandastar.kz
Дипломат сұхбатында тұрақты туризмнің және табиғатқа ең төмен деңгейде әсер ететін глэмпинг тұжырымдамасының маңыздылығын атап өтті.
«Туризмнің тұрақтылығы – осы саладағы маңызды мәселелердің бірі. Менің ойымша, табиғатқа әсері төмен туризмнің бірнеше түрі бар. Шынтуайтында, біз Қазақстаннан маңызды концепцияны – тұтас киіз үй глэмпингі, яғни сәнді кемпинг идеясын өзімізге қабылдадық. Ол киіз үйлерді қамтиды және Ұлыбританияда танымал болып отыр», – деп атап өтті Кэти Лич.
Қазақ тың киіз үйлері Ұлыбританияда кеңінен қолданылуда. Бұл шетелдіктерге тек табиғатпен үндесуге ғана емес, қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Елші осындай жобалардың туризмді тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз етуге көмектесетінін айтты.
«Енді Ұлыбританияда сәнді кемпинг пен үлкен қонақүй салудан гөрі табиғатқа аз әсер ететін әдемі жерлерде болу мүмкіндігін ұсынатын киіз үйлер бар. Менің ойымша, киіз үй — бұл табиғатқа әсері төмен тұрақты туризмнің керемет үлгісі», – деп қосты ол.