Мәдениет

Алматыда «Қырманбайдың тойы» дүркіреп өтті

Кеше әкем театрда төй өтті. Дүркіреп өтті. Олай дейтін де себебіміз бар. Театр көрермендері қойылым біткенше күлкіге қарық болса, қойылым соңында шексіз қошаметін білдірді. Зал лық толы. Көрермен «тойдан» қайтқысы жоқ…

 

Бұл М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасына араға 5 жыл салып қайта оралған «Бес бойдаққа бір той» қойылымнан көргеніміз. Тынымбай Нұрмағанбетовтың комедиясын заманауи нұсқада қайта алып шыққан театр ұжымы көпшілікті күлдіре отырып ойландырды, толғандырды. Қырманбай образы арқылы ата-ана қадірі, бала үшін жан пида әке өмірі жастарға өзгеше ой тастады. Тура осы әкем театрдағы «Отыз ұлың болғаншаның» кері… Бес бала үшін бәрін істеуге дайын әкеге «кемпірінің» де орны ерек екені жеткізілді. Әрине, күлкі, әзіл тілінде. Қоюшы режиссері және өлеңдерін жазған – Әбубәкір Рахимов

Көрнекті жазушы-драматург Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясы ұлтымыз үшін маңызын жоймайтын ұрпақ тағдыры мен оның болашағы мәселесін күлкі призмасынан қарастырады. Бес бойдақ – Қырманбай шал және оның ұлдары. Жер ортасынан ауғанда кемпірі дүние салған Қырманбай ұлдарының тұрмыс-тыныс тіршілігіне  қарны ашады, сондықтан өз әулетінің ертеңіне алаңдаулы болса, ұлдары әкесін үйлендірмекке әлек.

Бүгінгі күн мәселесін ұлттық дүниетаным тұрғысынан қарастыратын, әзілге толы қойылымда әсем ән мен қазақы қалжыңдар жалпы атмосфераны жандандыра түседі.

Суретші – Е.Әдісбек, музыкасын өңдеген – Д.Каден, билерін қойған – Г.Мұхамеджанова, режиссердің ассистенты және Құрманбай рөлінде – Б.Тұрыс.

Кім, неге күлді? Жұрт неге күліп отырып, «той» үстінде ойға батты? Бұл сұрақтың жауабын білгіңіз келсе немесе қарт Құрманбайдың тойын өз көзіңізбен көргіңіз келсе, бір үйлі жанның бір сәттегі тойына куә болғыңыз келсе 29 қараша күні де М.Әуезов театрына барып тамашаласаңыздар болады!

Құрметолла МҰХАМЕТХАНҰЛЫ

“ҚАНДАСТАР” ҮШІН

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close