Қаржы және төлемдер
Қызылордада мектептің бас есепшісі 7 жылға сотталды
Фото: ашық дереккөз
Қызылорда облысы, Арал ауданы №260 мектептің бас есепшісі Д.Жаналиев есімді азамат өзінің қызметін асыра пайдаланғаны белгілі болды, деп жазды qandastar.kz
Есепші 2023 жылдың қаңтар айы мен 2024 жылдың тамыз айы аралығында жалақыдан бөлек өз есепшотына қаржы аударып, бас пайдасына жаратқан. Сотталушының бұл іс әрекеті әр ай сайын жалғасып келген. Тіпті, еңбек демалысы кезінде де өзінің есепшотына ақша аударған.
Тергеп-тексеру барысында сотталушының жасаған қылмыстық әрекеті салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 20 417 530 (жиырма миллион төрт жүз он жеті мың бес жүз отыз) теңге шығын келген.
Соттың шешімімен бас есепші Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, қаржылық материалды жауапты қызметпен айналысу құқығынан 10 (он) жылға шеттетіліп, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, мемлекетке келтірілген 20 417 530 теңге қаражатты үкім заңды күшіне енген соң 2 (екі) ай мерзімде өз еркімен мемлекет пайдасына өндіру жүктелді.
Осыған байланысты Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мемлекеттік мекемелердің барлық басшысын бюджет қаражатын жұмсауды бақылауға алуға шақырып отыр.