Жаңалықтар

Президент Мәдина Әбілқасымованы қабылдады

Фото: Akorda

Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп жазады qandastar.kz

Мәдина Әбілқасымова президентке қаржы нарығын дамыту саласының былтырғы қорытындылары туралы есеп берген.

Сондай-ақ банк секторында тұрақтылық сақталып тұрғаны жөнінде баяндаған. 2024 жылдың басынан бері банктердің активтері 19,7 пайызға, яғни 61,6 триллион теңгеге дейін өскен. Экономиканы кредиттеу 20,9 пайызға немесе 33,8 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Банктердің жұмыс істемейтін активтері – 3,1 пайыздан төмен деңгейде.

Агенттік 21 банкке жыл сайынғы қадағалау-бағалау жұмыстарын аяқтаған. 11 банктің активі сапалық тұрғыдан бағаланып, стресс-тестілеу жүргізілген. Аталған шара банк жүйесі активтерінің 85 пайызын қамтыған. Бұған қоса, 400 миллиард теңге көлемінде мемлекеттің қолдау қаражаты мерзімінен бұрын қайтарылған.

Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымова стрестік активтер нарығын дамытуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданып, осы тектес активтерді сатуға арналған алғашқы цифрлық платформа іске қосылғанын айтқан.

Бәсекелестікті күшейту үшін банк секторына Оңтүстік Кореядан, Қатар мемлекетінен және Біріккен Араб Әмірліктерінен шетелдік банктер тартылған.

Кездесуде мемлекет басшысына нақты сектор мен бизнес субъектілерін несиелеу туралы да мәлімет берілген. 2024 жылы бизнеске берілген кредиттер 16,3 пайызға немесе 13,1 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Бұл ретте бизнеске 18,2 триллион теңге сомасына жаңа займдар берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы маусымда кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бағытында заң қабылданды. Сонымен қатар 614 мың азаматтың 210 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегі қайта құрылымдалған, ішінара немесе толық кешірілген.

Агенттік төрағасы азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау мақсатында заңнамалық түзетулердің жаңа топтамасы әзірленгенін де жеткізген.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысына сақтандыру нарығын цифрландыру нәтижесі таныстырылған. Азаматтардың тұрғын үйлерін апат тәуекелдерінен міндетті сақтандыру моделі әзірленген. Кредиттік рейтинг агенттіктері туралы, Инвестициялық және венчурлық қорлар туралы заң жобалары дайындалған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, нақты секторды кредиттеу аясын одан әрі кеңейту, қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеген.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close