Жаңалықтар

Ұлттық университеттегі «Түлектер күні»

Әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінің жыл сайын дәстүрлі түрде мамыр айының соңында өтетін «Түлектер күні» салтанатты жиыны болып өтті. Алғашқы түлектер күніне арналған салтанатты кездесуді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы Ж.Е.Жаппасов университет пен факультеттің барша ұстаздарын, түлектеріне жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, факультет деканы Ж.Е.Жаппасов,  Әбу Насыр әл Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің (бұрынғы шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің) ашылғанына 35 жыл толуына байланысты мерекемен құттықтады.

Мерекелік шараның мақсаты: Университет қабырғасынан білім алып, түлеп ұшқан жастарымыздың еліміздің әр саласында (әлеуметтік, ғылым, білім, рухани, т.б) өз үлестерін қосып, ел дамуындағы өнегелі істерін ізбасарларына үлгі ету, насихаттау, жол көрсету, қамқорлық жасау.

Бұл шара әлемнің екінші ұстазы атанған, Әл-Фараби бабамыздың 1150 және Ұлы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналды. Атаулы шара университет ректоры Ғ.М. Мұтановтың және «Түлектер Қауымдастығының» Президенті Қ.Ә.Мәмидің құттықтау сөздерімен ашылды.

Одан әрі жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің, жоғары оқу онына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі М.С.Мырзабековтың құттықтау лебіздерімен жалғасты. Кафедра меңгерушісі Мырзабеков Молдахмет Сейдахметұлы бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды.

Университеттің барлық факультеттерінде, барлық кафедраларында атқарылатын бұл шара — шын мәнінде  маңызды іс шара.

Маңыздылығы: жыл сайын осы оқу орнын бітіріп, қоғамға білімі мен еңбегін беруге аттанған түлектер бес, он, он бес, жиырма,т.с.с. жылдардан кейін өзі білім алған университетіне келіп, ұстаздарымен қауышып, биыл оқу бітіріп жатқан жастарға өз жетістіктерін, өз өмір жолын үлгі ете отырып, ақ жол тілейді,  қайырымдылық көмектер жасайды. Бүгінгі кездесуге келген жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің түлектері де еліміздің әр саласында өз үлестерін қосып жүрген азаматтар.

Олардың қатарында «Қамшы kz» ақпараттық  порталының директоры Біләл Қуаныш, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Нұржұма Елесбай, белгілі әнші, сазгер Ұшқын Жамалбек, белгілі өнертанушы, драматург Әннес Бағдат, ақындар Жақсылық Қажымұрат, Гүлден Әзілбек, Асқар Әкімбек  тағы басқа түлектер қатысты.

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің дәрісханасы ауқымы кең, әлемнің әр түкпірінен келіп білім алып жатқан жастардан тұрады. Сондықтан біз өз университетімізді ұшырған түлектеріміз арқылы төрткүл дүниеге танытып, білім мен ғылымның өрісін кеңге жайып жатқан факультеттің бірі болып отырмыз.

Қытай, Монғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Түркменстан, Түркия, Корея, Жапон, Германия, Ұлыбритания, т.б елдерден келіп білім алып, қазақ тілі мен тарихын, мәдениетін үйреніп, риза болып аттанған қаншама шетелдік түлектеріміз де бар. Солардың бірі Ауғанстан Ислам Республикасының мәдениет және ақпарат бөлімінің басшысы, 2010 жылғы түлегіміз Рахимулла Хугяни қатысты.

Кездесуде түлектердің құттықтау бейне жазбалары, жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының жетістіктері туралы слайд, фотолар көрсетілді.

Ұстаздар атынан профессор Қ.А.Аққошқарова түлектерге өз жылы лебізін білдірді. Биылғы жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасын бітіруші шәкірттердің атынан Гүлден Көпшікбай Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқаса, Жандос Құмарбек келген қонақтарға алғыс білдірді.

Түлектер кездесуін «Армандастар» әнімен шымылдығын жапты. Модератор Жанна Сайынқызы келген қонақтарға алғыс білдірді.

Түлектер кездесуі — өздері білім алған ыстық ұясына деген сағыныш пен құрметтің белгісі. Білім алған оқу орындарына ел азаматы болып оралып, тұлға болып қалыптасқанын қоғамда атқарып жатқан нақты істерімен көрсетеді. Арттарынан еріп келе жатқан іні-қарындастарына  үлкен өмір жолында дұрыс жолды таңдауда үлгі болады. Онлайн түрде өткен салтанатты жиын өз мақсатына жетті деп айта аламыз.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жоғары оқу орнына дейінгі

білім беру факультеті деканның

оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы

жөніндегі орынбасары М.Б.Әмірханов

 

   

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close