Қаржы және төлемдер
Құлыбаевтың маңызды активтері енді мемлекетке тиесілі
Фото: ашық дереккөз
Құлыбаевтың маңызды активтері енді мемлекетке тиесілі, деп жазды qandastar.kz
Атышулы Тимур Құлыбаевқа тиесілі деп саналатын «ТЭК-Казахстан» компаниясы мемлекет меншігіне 54 нысанды өткізді. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, құрамына жанармай қоймалары, ғимараттар мен құрылыстар, сондай-ақ негізгі құрал-жабдық топтары кіретін мүлік енді мемлекетке тиесілі.
Сонымен бірге «Қорғас» халықаралық орталығындағы багаж терминалы мен жер учаскесі де қайтарылған.
Бұған дейін Активтерді қайтару жөніндегі комитет Тимур Құлыбаевпен соттасып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Күйеубаланың
есімі елдегі ең ықпалды бизнес өкілдерінің бірі ретінде жиі аталады. Ол «Кипрос» пен «Joint Technologies» арқылы «ТЭК-Казахстан»-ды қадағалаған деп айтылады. Қаржы есебіне сүйенсек, Құлыбаевтың Joint Resources холдингі 2023 жылдың қорытындысында 39,1 млрд теңге таза табыс тапқан. Холдингтің қарамағында жеті еншілес мекеме бар, олардың арасында «Кристалл Менеджмент» АҚ, «Kazakhstan’s mineral resource investment company» ЖШС, «Шұбаркөл Премиум» АҚ секілді кәсіпорындар және басқа да ұйымдар кездеседі. Мемлекетке қайтарылған 54 нысанның нақты қандай мақсатта пайдаланылатыны әлі белгісіз. Құзырлы органдар бұл процестің жалғасатынын ескертуде.