ҚР азаматтығын алу

Көші-қон үрдісіндегі оралмандар мəселесінің құқықтық реттелуі

Конституцияның 13-бабының 1-тармағының нормаларына сүйене отырып, оралмандардың құқықтық мəртебесі «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында жəне басқа да қолданыстағы əр түрлі заңдарда дамытылған. Конституцияның 13-бабында айтылған құқық субъектісің санаты азаматтардың құқық қабілеттілігі мен əрекет қабілеттілігі азаматтық-құқылық ұғымды құрайды.

Оралман деп жаппай саяси қуғын-сүргін актілері, заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру ізгілікке жат өзге де іс-əрекеттер салдарынан тарихи отанынан тысқары жерге қуылған жəне азаматтығынан айырылған Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ оның ұрпақтарын айтамыз.

Оралман деп танылған жəне тұрақты тұруға ықтиярхат алған адам Қазақстан Республикасында барлық құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе Қазақстан Республикасы азаматтарымен бірдей Конституцияда көзделген міндеттерді мойына алады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 13-бабында азаматтық құқығы жəне міндеттілік жүктеу қабілеті болудың (азаматтық құқық қабілеті) барлық азаматтар үшін бірдей дəрежеде танылатындығы белгіленген. Азаматтық құқық қабілеті адам туған кезден бастап пайда болады жəне ол қайтыс болған кезден тоқтатылады.

Азамат Қазақстан Республикасы шегінде де, сондай-ақ шет елдерде де мүлікке, оның ішінде шетел валютасына меншік құқығына, мүлікті мұралыққа алу жəне мұралыққа беруге; республика аумағында еркін жүру жəне тұратын орнын еркін таңдауға; республика шегін еркін тастап шығу жəне оның аумағына еркін қайта оралуға; заң актілерімен тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; заңды тұлғаны жеке немесе басқа азаматтармен жəне заңды тұлғалармен бірлесе құруға; заң актілермен тыйым салынбаған кез келген мəлімдеме жасауға жəне міндеттемелерге қатысуға; жаңалық ашуға, ғылым əдебиет жəне өнер шығармаларына жəне өзге де ой еңбегіне жеке меншік құқығы болуға; материалдық жəне моральдық зардаптардың орнын толтырылуын талап етуге; басқа да мүліктік жəне жеке құқықтарды иеленуге құқылы [1].

Негізгі Заңда орнықтырылған адам жəне азаматтардың құқықтық мəртебесі Жалпыға бірдей адам құқығы туралы декларациясына негізделген жəне халықаралық құқықтық құжаттардың негізгі қағидаларынан туындайды.

Қазіргі заманғы халықаралық құқықта адам құқығына қатысты тұтастай құқықтық актілер кешені қалыптасты. Халықаралық құқық нормалары нақты мемлекеттегі адам құқығын тікелей реттемейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы (1-б. 3-т.) əлемдегі барлық мемлекеттерді олардың аумағында тұратын барлық адамдардың, қандай да болсын кемсітуге жол бермеуге, сондай-ақ олардың негізгі құқылары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге міндеттейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы шеңберінде адам құқығының құқықтық мəртебесі мəселесі бойынша «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» (1948), «Адамдардың экономикалық, əлеуметтік жəне мəдени құқықтары туралы», «Адамдардың азаматтық жəне саяси құқықтары туралы пактілері» (1966), «Балалар құқығы декларациясы» (1959), «Əйелдердің саяси құқы туралы конвенция» (1954) жəне басқа да бірқатар құжаттар қабылданды.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы азаматтардың құқылары мен бостандықтарын нығайта отырып, халықаралық актілердің нормалары мен принциптеріне сүйенеді.

Жоғарыдағы аталған жəне басқа да халықаралық актілер мынандай негізгі құқықтар мен бостандықтарды жариялайды:

  • кез келген адам өмір сүруге, бостандығына жəне жеке басына қол сұғылмауына құқылы;
  • ешкім де азапталмауы, қадір-қасиетін кемсітетіндей алауыздыққа жəне жазаға ұшырамауы тиіс;
  • барлық адамдар заң алдында тең, заңмен тең дəрежеде қорғалуға құқылы;
  • кез келген адам тұратын орнын мемлекет шегінде еркін алмастыруға жəне таңдауға құқылы;
  • кез келген адам өзінің, отбасының жəне басқаларының денсаулығын жəне тұрмыс жағдайын қолдауға қажетті өмірлік деңгейде еңбек етуге білім алуға, дем алуға құқылы.

Халықаралық-құқықтық құжаттар адам құқы мен бостандығын ең жоғары құндылық деп таниды [2]. Қазақстан Республикасының Конституциясы адам құқығы туралы халықаралық құжаттардың негізгі идеялары мен қағидаларын қабылдады. Сондай-ақ оны мемлекеттің өзіндік ерекшеліктерін

ескере отырып нығайтты.

Конституцияда «Адам жəне азамат» деген 2-бөлімінде мемлекеттің адамға жəне азаматқа қатынасы туралы қағида орнықтырылды. Мұнда: «Адам құқықтары мен бостандықтары əркімге тұмысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» (12-б. 2-т.) деп көрсетуі халықаралық-құқықтық құжаттарға сəйкестендіріліп мойындалғанын айқындайды.

Қазақстанның конституциялық заң тарихында алғаш рет азаматтардың құқықтары жəне міндеттерімен бірге «адам құқығы» ұғымы бірінші рет танылды. Бір сөзбен айтсақ, «адам құқы» мен «азамат құқы» ұғымдары бір-біріне жақын жəне табиғи түрде ұштасқан ұғымдар. Азамат деген — адам. Сондықтан адамға қатыстының бəрі де азаматқа да қатысты. Алайда «азаматтық құқығы» адамның құқығымен ерекшеленеді. Өйткені мемлекет азаматқа мейлінше кең құқықтар мен бостандықтар беріп, мемлекеттің өз азаматтарына деген ерекше қатынастарына орай оған айрықша міндет жүктейді. Міне осы негізде Қазақстан Республикасының Конституциясы жеке тұлғалардың құқылары мен бостандықтарын қалыптастырады. Егер құқықтар мен бостандықтар, міндеттер барлық адамға қатысты болса, онда «барлығы», «адам», «əркім», «ешкім емес» деген терминдер қолданылады. Ал құқықтар, бостандықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты болса, онда ол тура көрсетіледі [2].

Оралмандардың құқықтық мəртебесін анықтағанда Қазақстан Республикасындағы адам жəне азамат құқықтары туралы конституциялық нормаларды жан-жақты талдауға тура келеді. Сонымен қатар басқа да көші-қон үрдісі барысында қабылданған заңдардың негізгі нормалары Қазақстанға қоныс аударған оралмандар үшін қаншалықты заңды екендігін алып қарайық.

Қазақстан Республикасында көші-қон мəселесі жаңадан пайда болды деуге болмайды. Көші- қонның алғашқы легі 1959–1966 жылдар аралығында республикаға қоныс аударды.

Осы мəселе бойынша оның заңды негізі сол кездегі жабық қоғамның күрделі жағдайында, нақты конфиденциалдық түрде, партияның араласуымен, КСРО мемлекеттік жəне заң органдарының қадағалауымен жүзеге асырылды [3].

Көші-қонның екінші ағымы 1990 жылдары əлемдегі социалистік деп аталып келген мемлекеттердің ыдырауы мен КСРО-ның құлауы нəтижесінде пайда болды.

Тəуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдары көші-қон үрдісін реттейтін заңдылықтар жоқ болды. Оралмандарға қатысты маңызды мəселелерді уақытша реттейтін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен Үкімет қаулыларына сүйеніп, жұмыс жасады. Ол құқықтық актілерді төмендегідей топқа бөлуге болады: Қазақстан Республикасының» «Көшіп келу туралы» Заңы, № 1437 Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесімен 1992 жылы 26 мамырда қабылданды. Заң уақытша сипатқа ие болды. Ол заңды күшіне 1992 жылы 1 желтоқсанда енді. Заңның 1-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары республика ішінде тұрғылықты жерін ауыстыруға, басқа елге қоныс аударуға жəне қайтып оралуға құқылы. Шетелде тұратын отандастар өздерінің ата қонысы — Қазақстан Республикасына еркін орала алады» деп айқын көрсетті.

Қазақстан Республикасы тəуелсіздігін алып, саяси еркіндікке ие болуы, тарихи отанымен шеттеп кетуге мəжбүр болған отандастарымыз үшін өте үлкен жаңалық еді.

Сондай-ақ республикамыздағы көші-қон үрдістеріндегі көкейтесті мəселелер мен болашақ бағдарлар тұрғысында Қазақстан Республикасының Президенті бірнеше Жарлықтар шығарды. Олар: біріншіден, «Шетелдердегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» № 3308 Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы (13.12.1996 ж.). Бұл бағдарламада шет елде өмір сүретін отандастарымызбен жүргізілетін бірқатар шараларды айқындап берді. Мұнда олардың əлеуметтік-экономикалық, саяси, мəдени сұрақтарын зерттеуге, қазақтарды ары қарай дамыту перспективасын анықтады.

Екіншіден, «Көші-қон саясатының 2000 жылға дейінгі бағыттары» атты Қазақстан Республикасының Президентінің № 3419 Жарлығы (19.03.1997 ж.). Бұл бағдарламада қазақтардың тарихи Отанына көшіру сұрақтарын шешуге бағытталған, сондай-ақ олардың жаңа этникалық ортада бейімделу мəселелері қамтылған.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі де көші-қон үрдісіндегі оралмандар мəселесіне ерекше назар аударып, оларды құқықтық реттеуді жетілдіру үшін 1992 жылғы 1 қарашадағы Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесінің «Қөші-қон туралы» № 1055 Қаулысын қабылдап, Еңбек министрлігінде Көші-қон департаментін құрды.

Сонымен қатар 1992 жылғы 23 қарашада Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесінің «Шетелдегі қазақ диаспораларының Қазақстан Республикасына келуіне байланысты əлеуметтік- экономикалық қамтамасыз ету туралы» № 791 Қаулысын қабылдады. Бұл Қаулыларға негізделіп Қазақстанның түрлі аймақтарында қоныс аударушы оралмандардың рухани өмірі мен əлеуметтік, шаруашылық салаларында оларды орналастыру мен нақтылы іс-қызметтің жүйесі жүзеге аса бастады.

1991 жылы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесінің «Азаматтық құжаттамалар туралы» № 711 Қаулысы қабылданды. Осы құжат бойынша қоныс аударушы оралмандар (репатрианттар) Қазақстан Республикасында азаматтығы жоқ тұлға ретінде тұру құқығына ие болды.

Жалпы алғанда жоғарғы аталған құжаттар жоғары деңгейде болмаса да адаптация, немесе ортаға бейімделу, сипатындағы құжаттар бойынша оралмандардың күнделікті өміріне нақты əсер ететін, кейінге қалдыруға болмайтын көптеген сұрақтарды осы актілер бойынша реттеп отырды. Атап айтсақ, олардың көбі тұрғын үй жəне материалдық көмекпен қатар əлеуметтік көмек ретіндегі өтемақы, балалар үшін көмек, тегін медициналық көмек, тұрғылықты жерінде тегін білім алу сияқты жеңілдіктерге ие болды.

Осымен қатар көші-қон саласында толық заңдылық актілер пакетінің жоқ болуына байланысты бірқатар келеңсіз жағдайларға жол берілді. Оралмандарға берілген «азаматтығы жоқ тұлға» мəртебесі оралмандардың өтпелі кезеңдегі жекешелендіру үрдісіне қатысу құқығынан айырды. Оралмандардың бұл ахуалы 1992 жылдың басынан көріне бастады. Олай дейтініміз республикада жаңа заңдардың қабылдана бастауына сəйкес жоғарыдағы аталған Жарлықтар, Қаулылар, əр түрлі уақытша ережелер өзінің заңды күшін жойып алды. Ал көші-қонға байланысты заңдылықтар алаңында «бос кеңістік» пайда болды. Осыған орай көптеген оралмандар заңды түрде қорғаусыз жағдайда қалды.

Оралмандардың мəселесін реттеуші арнайы заңдарды қабылдау заман талабына сай келді. 1997 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» қабылдаған Заңы оралмандардың құқықтық мəртебесін жан-жақты анықтаған алғашқы құқықтық құжат болып табылады. Бұл заң 1992 жылғы заңмен салыстырғанда анағұрлым жоғары екендігін көруге болады. Себебі жаңа заң Қазақстанның кең көлемдегі қауымдастығы мен шетелдегі қазақ диаспорасымен, оралмандармен жылы қабылданды. «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының негізгі құзыреті көші- қон саласы бойынша халықаралық заңдылықтардың қойған базалық талаптарына толығымен жауап береді. Ол 7-і бөлім жəне 41 баптан тұрады [4].

Заңның 1, 3 жəне 4-тарауларында оралмандардың құқықтық мəртебесі анықталып, олар үшін жаңа ортада бейімдеуге негізделген саяси, əлеуметтік, кəсіпкерлік, тілдік жəне мəдени салаларында бейімделу жолдары мен қаржы көздері анықталды.

Бұл заңның 9-бабында оралмандарды көшіріп алу Қазақстан Республикасының Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті əрбір күнтізбелік жылға көшіп келу квотасын белгілеуі арқылы жүзеге асырылады делінген. Ал квота бойынша келген оралмандар мемлекет тарапынан тұрғын үй жəне материалдық көмектер алуға, жеңілдіктер басқа да атаулы көмектердің түрлерін пайдалану құқығына ие болды.

Осындай оралмандардың үміт күттірерлік құқықтық мəртебесін анықтаған 29-бапты атап өтейік. Мұнда оралмандар үшін нақты жеңілдіктердің түрлері мен өтемақылар көрсетілген. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға қаражат, бір жолғы жəрдемақылар, жер учаскелерін, соның ішінде оралмандардың жинақы тұруына арналған жер учаскелерін алуға, жеке тұрғын үй құрылысы мен шаруашылығын ұйымдастыру үшін ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер бөлуді көздеген баптар енгізілді.

Заң бойынша квотамен келген оралмандарға шекара арқылы кеден төлемісіз салық салынбай өтуін, қоныс аударушылардың уақытша немесе тұрақты тұратын жеріне тегін жетуін жəне мүлкін тегін жеткізуді қамтамасыз етуді қарастырған баптармен қатар, тегін оқу медициналық көмек алу сияқты бірқатар мəселелер бойынша оралмандар үшін үміт күтерліктей жаңа нормаларды бекітті.

Осы сияқты қатынастармен қатар, оралмандар үшін Қазақстан территориясында адам құқығының жалпыға бірдей принципін реттеу барысында олардың тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығы (Конституция 21.1), əркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдау құқығы (Конституция 24.1) жəне де басқалармен бірдей дəрежеде заңды тұлға ретінде мүліктік қатынастарға араласу құқығы берілген.

«Халықтың көші-қоны» Заңының 16-бабында «репатриант (оралман), мəжбүрлі қоныс аударушы, реэмигрант немесе босқын деп танылған адамдардың əрқайсысына куəлік берілетінін жəне олардың құқықтық мəртебесі анықталатыны» туралы айтылған.

Адамды оралман, мəжбүрлі қоныс аударушы, реэмигрант немесе босқын деп тану туралы шешімді жергілікті уəкілетті органның тиісті аумақтық қызметкері сол адамнан өтініш түскен кезден бастап отыз күн ішінде қабылдайды [4].

Оралман, мəжбүрлі қоныс аударушы, реэмигрант немесе босқын деп танудан бас тартылған жағдайда, оған шешім қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде жазбаша хабарлама береді. Егер аталған адам Қазақстан Республикасынан тыс жерде болса, оған бас тартудың себептері мен қабылданған шешімге шағымдану тəртібі Көрсетіліп, жазбаша жіберіледі.

Заңның 16-бабының 4-тармағында «Адам өзін оралман, мəжбүрлі қоныс аударушы, реэмигрант немесе босқын деп танудан бас тарту туралы шешімге жазбаша хабарлама алған күннен бастап бір ай ішінде жоғары тұрған уəкілетті органға немесе сот тəртібімен шағым жасай алатыны» туралы көрсетілген.

Егер ол адамды оралман, мəжбүрлі қоныс аударушы, реэмигрант немесе босқын деп танудан бас тарту туралы шешім алғаннан кейін, оны Қазақстан Республикасының аумағынан кетуін ұйымдастыру үшін құжаттарды тиісті ішкі істер органдарына жібереді. Алайда өзін оралман, мəжбүрлі қоныс аударушы, реэмигрант немесе босқын деп тану туралы өтініш жасаған адамның уəкілетті органның шешіміне шағымданған кезде ішкі істер органдарының Қазақстан Республикасынан кетіруді ұйымдастыру жөніндегі іс-əрекеті тоқтатыла тұрады.

Оралмандар құқықтық мəртебесін зерттеу барысында қалыптасып отырған бірқатар мəселелер анықталды.

Оралмандардың бірінші кешенді мəселесі — Қазақстан Республикасының азаматтық мəселесіне байланысты. Аталған заңды түрдегі оралмандардың қазақстандық азаматтығының болмауына байланысты төмендегідей жағдайға түсіп отыр:

мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқарудың мемлекеттік органдарына сайлануға, сайлауға жəне де республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ (Қазақстан Республикасының Конституциясының 33-б. 2-т.).

Оралмандардың екінші кешенді мəселесі — мүліктік құқықтық қатынастарда құқықтық субъектілігі болмауына байланысты. Қазақстан Республикасының заңдылықтарында бұл құқықтың де-юресі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 3-бабының 7-тармағында көрсетілген. Мұнда «Егер заң құжаттарында өзгеше көзделсе, шетелдік жеке азаматтар жəне заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық Қазақстан Республикасының азаматы мен заңды тұлғалары үшін қандай құқықтар мен міндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға құқылы жəне сондай міндетті орындауға міндетті» деп бекіткен. Жалпы Халықаралық заңдылықтарда репатриант ерекше заңды субъекті болып табылады. Көптеген мемлекеттерде оралман сол елдің азаматтарымен бірдей құқыққа ие болып, міндеттерді атқарады. Репатрианттардың басқа субъектілерден айырмашылығы, өз мемлекеттін өзінің қалауы бойынша тастап кетпегенінде болып отыр [5]. «Репатриант» ұғымы қолданыстағы көші-қон заңдылығында оралман терминімен ауыстырылып отыр.

Бұл ерекше мəртебе Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілмеген. «Халықтың көші- қоны» туралы Қазақстан Республикасының Заңының 29-бабындағы көрсетілген 14 түрлі жеңілдіктер оралмандардың жағдайы үшін жақсы бекітілген. Бірақ басқа заңдармен бекітілмегендіктен, оң шешімін таппауда. Мысалы, 1995 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Президентінің заң күші бар «Жер туралы» Жарлығының 1-бабының 15-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасының азаматтағын қабылдамаған оралман жер қатынастарына субъекті ретінде қатынаса алмады. «Жаңа жер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында оралмандарға жер учаскілерін беру туралы арнайы бап енгізді. Мұнда оралмандарға өзіндік (қосалқы) үй шаруашылығын жүргізу, бағбандық жəне саяжай құрылысы үшін жер учаскілерін беру селолық елді мекендердің жерінен, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерден, көшіп келушілердің жер қорының, арнайы жер қорының жерінен жəне босалқы жерден өтеусіз уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

Берілген жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін, белгіленген тəртіп пен жағдайларда олардың жеке меншігіне өтеді деп көрсетті [6].

Оралмандардың үшінші кешенді мəселесі — жұмыссыздыққа байланысты. «Халықтың көші- қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 29-бабының 4-тармағында «оралмандардың жұмысқа орналасуына, біліктігін арттыруына, жаңа кəсіпті меңгеруіне, оралмандарды жұмыссыз ретінде тіркелуіне, тұрған мерзіміне қарамастан, жұмысқа орналастыру мүмкін болмаған жағдайда жұмыссыздық бойынша жəрдемақы алуына көмек көрсету» туралы жазылған.

Осы заңның негізгі тармағы қазірше əлі шешімін таппаған, реттелмеген. Оралмандарды жұмысқа орналастыру, біліктігін арттыру, аттестациялау, жаңа кəсіпті меңгерумен ешкімнің жұмысы жоқ. Көші-қон ісімен айналысатын мемлекеттік органдар көбіне келген оралмандарды тіркеумен, есеп жинау жұмысын ғана өздерінің міндетті санайды.

Осы мəселе бойынша шетелдіктер қалай жұмыс жасайды екен соған назар аударайық. Мысал ретінде Израильде еврейлерді өз тарихи отанына тарту үрдісі қызу жүруде. 1999 жылдың өзінде 4000 отбасы Эфиопиядан Израильге қоныс аударған [7]. Қоныс аударған иммигранттарды жергілікті мемлекеттік орындарға уақытша орналастырып, оларға көптеген қызмет салалары бойынша жеңілдетілген қызмет көрсетеді. Мұнда сауықтыру орталығы, ортамен таныстыру, балабақша, ясли т.б. көптеген жұмыстарды жүргізеді. Үкіметтің жан-жақты мырзалық көмегімен қарыздар мен алымдардан, тұрғын үй құрылыстарынан, келген иммигранттар тұрақты орнын тез тауып алады.

Алғашқы жабдықтау жəне қамдау: иммигранттардың жаңа легі келгеннен бастап медициналық байқаудан өтіп, қазіргі кезеңдегі қоғам өмірімен таныстырылады. Бұған сауықтыру орталықтары, банкілер, телефон жəне т.б. Сонымен қатар иммигранттарға үйге қажетті негізгі жабдықтарды тегін береді, оған: күнделікті қолданысқа ең қажетті тоңазытқыш, телевизор, пеш, көрпе-жастық, үстел жəне орындық, кастрюлдер, тарелкалар т.б. кіреді.

Жұмыспен қамту мəселесі. Ортаға бейімдеу кезінде иммигранттарды жаңа еңбек əлеуетін көбейту арқылы Израиль экономикасын жақсарту үшін бағыттайды жəне жаңа иммигранттардың кəсіптік потенциалын реттеу жағдайын қамтамасыз етеді. Бұл қызметтер келесі бағыттар бойынша жүзеге асады:

  • оқымысты иммигранттарды жоғары оқу жəне зерттеу институттарында пайдалану;
  • инженерлік кадрлерді қайта мамандыру жүйесімен дамыту;
  • репатрианттар арасынан өнер қайраткерлерінің шығармашылығын қолдау жəне шығаруды қамтамасыз ету;
  • барлық мамандар саласында, əсіресе медицина саласындағы қызметкерлерден тұратын иммигранттарды сəйкес сертификаттарды алу үшін аттестация ұйымдастырып, олардың лицензия алу кезінде көмек көрсету арқылы жұмысқа тарту;
  • экономика, туризм жəне құрылыс салаларындағы жұмыс істейтін кəсіби мамандарға жан- жақты көмек көрсету;
  • кіші бизнес жəне жеке шығармашылықты дамыту сияқты жеңілдіктер беріледі.

Осы Израиль тəжірибесінен көріп отырғандай, иммигранттарға жан-жақты жағдайлар жасау заңдармен бекітілген [7]. Елімізде шетелдердегі озық тəжірибелерді көші-қон үрдісіне пайдалану, оралмандарға жағдай жасауды құқықтық тұрғыдан заңдастыруды жəне қолданыстағы көші-қон заңын жетілдіру қажеттігін көруге болады.

Қазақстанда оралмандарды жұмыспен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Көптеген жағдайда оралмандар орыс тілін білмеуі, Қазақстан қоғамын толық түсіне алмауына байланысты жəне өздерінің құқыларын толық білмейтіндіктен, олар өз бетінше жұмыс таба алмауда.

Қазақстан Республикасының Үкіметі тоқтатқан ережеге байланысты шетел азаматтары еңбек биржасына тіркелу құқығына ие бола алмауда. Оралмандар өздерінің ресми бекітілген мəртебесін ала алмағандықтан, шетелдіктер санатына жатады.

Оралмандардың жұмыс істеу жəне жұмыссыздық проблемасын қолөнер, ұлттық үлгідегі істелетін кілем тоқу, тері илеу, тағы басқа шаруалар арқылы шешіп, осы тектес кəсіпорындарды ашу үшін ұзақ мерзімді несие беріп, жұмыспен қамтуға əбден болар еді. Республика банктері оралмандарға несие беру үшін олардан мүліктік кепілдік сұрайды. Ал ондай материалдық игіліктер оралмандарда жоқ.

Сол себепті Қазақстан Республикасының Конституциясының 24-бабының 1-тармағындағы бекітілген: «Əркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдау құқығы бар…» делінген конституциялық құқыларын көптеген оралмандарымыз пайдалана алмауда.

Оралмандардың төртінші кешенді мəселесі — зейнетақы мен жəрдемақыға байланысты.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 29-бабының 7-тармағында «Қазақстан Республикасының заңдарына немесе халықаралық шарттарға сəйкес зейнетақы мен зейнетақы төлеуді қамтамасыз етеді» делінген [4].

«Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңының» 2-бабында:

«Қазақстан Республикасының аумағында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар, егер заңдарда жəне халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей зейнетақымен қамсыздандыру құқығын пайдаланады» [8], — деп көрсеткенімен, оралмандардың орталықтан зейнетақы төлемдерін тағайындауда көптеген қарама-қайшы жағдайлар туады.

Оралмандарға Қазақстан Республикасынан тағайындалатын зейнетақы мөлшері ең төменгі мөлшермен есептелінеді. Олардың бұрынғы төтенше жəне қатерлі жерлерде ауыр дене жұмыс істегендері есепке алынбайды. Сондықтан, көші-қон үрдісіне қатысушы-мемлекеттерден оралмандарды көшіріп алған кезде, олардың барлық құжаттарын заңдастырып, зейнетақы тағайындауға қажетті құжаттарды дайындап, қазіргі кезеңге сай зейнетақы тағайындаса, оралмандардың əлеуметтік мəселесін шешуге өз үлесін қосар еді.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі. — Алматы: Жеті жарғы, 2000. — 12-б.
  2. Қазақстан Республикасының Конституциясы (өзгерту мен толықт. енгізіл.). — Алматы: Жеті жарғы,
  3. Шестак А.Д. Основы правового регулирования процессов миграции в СССР: Автореф. дис. — М., — 15 с.
  4. Қазақстан Республикасының      «Халықтың     көші-қоны     туралы»     1997     жылдың     13     желтоқсандағы      Заңы http://www.prg.kz/jurist_2010
  5. Батталова З. Совершенствование правового регулирования вопросов миграции — необходимое условие сохранения внутриполитической стабильности: Материалы семинара «Миграция в Казахстане: настоящее и будущее». — Астана, 2000. — С. 30–33.
  6. Қазақстан Республикасының «Жер туралы» Заңы // Егемен Қазақстан. — 2001. — 6 ақп.
  7. Айзен Вивен. Интеграция в Израиле: Материалы семинара «Миграция в Казахстане: настоящее и будущее». — Астана,
  8. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңы. — Алматы: Жеті жарғы, — 7-б.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close