Жаңалықтар

«Денесіне отвертка тығып алған»: Шымкентте ауладан мәйіті табылған әйелдің балалары әкесінің қалай азаптағанын айтып берді

Фото: Марқұмның отбасынан

Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан денесі қанға боялған әйелдің мәйіті табылды. Марқұмның туыстары оның өз-өзіне қол салғанына сенбейді, деп хабарлайды qandastar.kz

5 ақпан күні Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан 42 жастағы Шолпан Ақмырзаның мәйіті табылды. Марқұмның артында жеті баласы қалды. Ол қайтыс болардан бір күн бұрын ажырасып кеткен күйеуімен қайта табысқан. Алайда арада 1 күн өткенде терезеден секіріп көз жұмған.

«Мен өзі өлгеніне сенбеймін. Үшінші қабаттан секіргеннің өзінде де ондай жарақаттар болмайды. Інімнің айтып тұрған сөзіне сенемін. Ұрған, сүйреген, терезеден лақтырып жіберген дейді. Одан бұрын бізде күнде ұрыс-керіс болатын. Анам 2020-да заңды түрде ажырасса да, мекенжайымызды біліп, күнде есік қағып тұратын», – дейді марқұмның қызы Перизат Қалдарбек.

Qaz365.kz.жазғандай,  Қайғылы оқиғаның куәгерлері – әйелдің 10 жасқа толмаған балалары. Марқұмның туыстары балаларының сөзіне сенеді. Өйткені, ер адам тергеуде әйелінің суицид жасағанын мәлімдеген.

«Төрт жасар баласы айтып отыр. Гантельмен басын ұрып-ұрып құлатқан. Одан кейін қашып бара жатқанда тізесінен тағы гантельмен ұрған. Құлаған адамға ұқсамайды. Әбден білгенін істеп, ұрып-ұрып, денесіне отвертка, пышақ тығып, көгала қойдай қылып тастаған» , – дейді марқұмның әпкесі Ақмарал Ақмырза.

Қара жамылған отбасы істің «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» емес, «адам өлтіру» бабы бойынша тергелуін талап етеді. Ал жергілікті полиция департаменті тергеу құпиялылығын алға тартып, істің қай бап бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеген жоқ.

«Азаматшаның өлім жайты бойынша полициямен қылмыстық істі тіркеген. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы жүргізілуде. Күдікті қамауда», – делінген Шымкент қаласы полиция департаменті хабарламасында.

Азапталып қаза тапты деген Шолпан Ақмырза жолдасымен 22 жыл тұрған. Олар 4 жыл бұрын заңды түрде ажырасқан. Бірақ кейін жолдасымен бірнеше рет табысып, тағы екі бала дүниеге келген. Жеті баланың екеуі кәмелет жасына толған. Ал қалғандары әзірге балалар үйінде. Марқұм сауда жасап, балаларын жалдамалы пәтерде жалғыз өзі асырап келген.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close