Әлеумет

ҚАНДАСТАР ТУРАЛЫ ҚАНША АЙТСАҚ ТА АЗ

Елiне асығып, туған жерiнiң топырағын иiскеу бақытына ие бола алмай жүрген қандастар қаншама. Олар қай жерде жүрсе де Отанына оралу мүмкiндiгiн күтуден еш жалығар емес. Осындай асқақ арманмен Қазақстанға Қытайдан сонау Тәуелсiздiкке бет бұрған жылдары оралған Ерболат Шәмшәрiп бүгiнде «Құлыстай» ЖШС-i кәсiпорнының директоры. Таяуда бiз Ерболат ағамен оралмандар мәселесi жөнiнде әңгiмелескен едiк.

– Ерболат аға, бүгiнде қандастарымыздың Отанына келу қарқыны қалай?

– Кез келген шеттегi қандасымыз өз елiне, туған Отанына келуге асығады. Бұл олардың көптен күткен асыл арманы. Оның үстiне мына өсiп келе жатқан ұрпағы өз елiнде бiлiм алып, өз тiлiнде сөйлесе екен дейдi. Сондықтан да кейбiр қандастар квотаға да, ештеңеге қарамастан өздерi келуге талпынып, армандарына жетiп жүр. Бiрақ келуiн келсе де, бiраз қиыншылықтарға тап болады. Ең үлкен қиыншылық – тұрғын үй мәселесi. Әйтеуiр, өзiмен ала келген азын-аулақ қаржысына пәтер жалдап, өмiр сүрiп жатқандары көп. Егер квотаға қараймын десе, Отанына кеш оралу қаупi тағы бар.

– Ал Қытайдағы қандастарға биыл қанша квота бөлiндi?

– Өте аз. Көбiнесе Өзбекстан қазақтарына көп бөлiнедi, оларға биыл квота 11 мың отбасыға көзделсе, Қытайдағы қандастарға бар болғаны 1065 отбасыға бөлiнген. Қытайда ресми дерек бойынша 1,5 млн. қазақ бар. Нақтырақ айтсақ, 2 млн.-нан асады. Егер оларды тез арада көшiрiп алмасақ, ертең олар көпке жұтылып кетуi ғажап емес.

– Сонда мұның өзiне iлiгу қиынның қиыны болды ғой…

– Расында да солай. Мәселен, министрлiктегiлер жылда квотаның санын көбейтiп-ақ келедi. 2005-2007 жылдар аралығында Отанына келетiн отбасының саны 15 мыңға жетiптi. Бiрақ, мұның iшiнде де парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың тамыры жайлап барады деп естимiз. Бұл 15 мың квотаны әр елдегi қандас-бауырларға бөлгенде, кейбiрiне жетпей де қалады. Аз. Әр отбасында ең кемiнде 7-8 жаннан болады ғой.

– Отбасының әрбiр мүшесiне берiлетiн 700 долларлық жәрдемақы жетедi деп ойлайсыз ба?

– Жетпейдi. Мәселен, бұл ақшаны жан басына шақсақ, шамамен 3-4 мың доллардай болады екен. Мынандай, қымбатшылық кезде бұған үй тұрмақ, жер де ала алмайсың. Әсiресе, Алматы қаласында кейiнгi кездерi жер мәселесi күйiп тұрғаны анық. Сондықтан әр адам басына берiлетiн осы жәрдемақыға 350 доллардан ипотекаға қол жеткiзсе де жақсы болар едi. Бiрақ мәселенiң бұл жағын қарастырып жатқан ешкiм жоқ. Квотамен келген оралман осындай күй кешiп жүргенде, өз күшiмен келген оралман баспанаға, не титтей жерге ие бола ала ма, ойлаңызшы?

– Олар күнiн қалай көрiп жүр?

– Құдайға шүкiр, Қытайдан, Моңғолиядан келген кез келген оралман бiлiмдi, бiлiктi маман. Сондай-ақ, олардың iшiнде қолөнер бұйымдарының түр-түрiн жасап, салт-дәстүрдi де ұлықтап жүргендерi баршылық. Қазақта «Кәсiбiң– нәсiбiң» демеушi ме едi, мiне, осы қолдан келген өнерiн пайдаланып, сатып, ақша қылып, бала-шағасын асырап келедi. Сенбесеңiз, Жетiсу өңiрiне қоныс тепкен оралманның бәрi орыстанып бара жатқан жерлердi қазақиландырып, бiздiң ата-бабадан келе жатқан дәстүрiмiздi жалғастырып жүр. Мұның өзi елiмiзге қосқан бiр үлес.

– Өзiңiз Отаныңыз – Қазақстанға қашан келдiңiз?

– Қазақстанға 1988 жылы келсем де, ресми түрде 1990 жылы келген болып есептелемiн. Әу баста Шанхайда бiлiм алып, аспирантураны бiтiрiп, осында тәжiрибемдi толықтыруға келдiм. Ол кезде кеңестiк дәуiрдiң әлi де болса, жасап тұрған шағы. Қазiргiдей оралмандардың Отанына ат басын тiреуi мүмкiн емес болатын. Көбiнесе зиялылар ғана туған жерiне келу бақытына ие болды. Шүкiр, тәуелсiздiк алғалы берi елiмiзге шамамен 480 мыңнан астам адам көшiп келiптi.

– Естуiмiзше, оралмандар арасында да Отанына оралғаны үшiн өкiнетiндер кездеседi екен…

– Әбден бiр жерге етi үйренiп, қаны сiңiсiп кеткеннен болар, кейбiр қандастар елге келгенде өз орнын таба алмай қиналып қалады. Оның үстiне алаяқ пен қуларға алданып жататындары бар. Олар iскер, бiлiмдi адамдар болғанмен, ортаға бейiмделмегендiктен, әсiресе, жемқорлық жағдайға, тосқауылдарға кезiгiп, жүректерi шайлығып жатады. Кiм бiледi, содан да жерсiнбеуi мүмкiн. Әр түрлi жағдай кездесiп жатады ғой. Мәселен, 2000 жылы межелi уақытында баспанаға ие бола алмаған оралманнның бiразы келген жерiне қайтуға мәжбүр болыпты. Бұған кiнәнi қайдан iздеймiз? Әрине, бұл да оралман мәселесiнiң дер кезiнде шешiлмей, қордаланып қала беруiнен туады. Әйтпесе, «елiм, Отаным» деп талайдан арман еткен мекенiн тастап, қайта кету қиынның қиыны.

– Осы уақытқа дейiн елiмiзде үш құрылтай өттi. Сiздiңше, осындағы көтерiлiп жатқан мәселелер айқын ба?

– Шыны керек, бұл құрылтайдың бiреуiне де қатысқан жоқпыз. Тiптi, өзiм бiлетiн Қытай, Моңғолиядан келген зиялы азаматтар да барған жоқ. Алғашқы екi құрылтайда көтерiлген мәселе сөз күйiнде қалып қойғанмен, кейiнгi үшiншi құрылтайда Елбасының тапсырмасымен арнайы бағдарлама қабылданғанын бiлемiз. Осы 2005-2007 жылға арналған бағдарлама аясында шетелдегi қандастарды қолдау мақсатымен түрлi мәдени, ғылыми, экономикалық байланыстарды дамыту басты назарға алынған сыңайлы. Егер бұл орындалып жатса, шетелдегi бауырлар үшiн де, Отанына оралып жатқан оралмандар үшiн де үлкен жәрдем.

– Елбасының соңғы құрылтайда «Оралмандардың басты мақсаты – Қазақстаннан бiрдеңе дәмету емес, бiрдеңе беру болсын» дегенiн естiген шығарсыз. Сiз Отаныңызға не берiп жүрсiз?

– Бiз елге оралғанда алақанымызды жайып, жәй келген жоқпыз. Өзiмiзбен бiрге көп инвестиция ала келдiк. Тура сол қаржымен қазiргi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ғимаратын салдық. Одан кейiн ешкiмге ауыртпалық салмай, өз мүмкiндiктерiмiзге сүйене отырып, «Құлыстай» ЖШС-i кәсiп орнын аштық. Ол үшiн «Игiлiк» компаниясының президентi Болатхан Кәкенұлына айтар алғыс шексiз. Бұл бiзге үлкен мектеп десем артық емес. Бiраз жылдан берi осы жердегi базардың сұранысымен құрылыс материалдарын уақытында жеткiзiп отырдық. Құдайға шүкiр, қазiр 20-дан астам оралманды жұмыспен қамтамасыз еттiк. Содан 2004 жылдан берi Кеден тексеруiнен өтiп, бiраз шойын радиатор әкелдiк те, 2005 жылы жұмыс тоқтап қалды. Себеп, кедендегi орынсыз кедергiлер алдымыздан көлденең шыға бердi.

– Ол қандай кедергi?

– Осы бизнеспен айналысатын оралмандар ортақ пiкiрге келiп, заң жолымен жұмыс iстеймiз деп, үстiмiздегi жылы шойын радиатор зауытымен келiсiп, темiржол арқылы тауар өткiзуге келiсiмге келдiк. Одан Алматы қаласына мұның екi вагоны келдi де, КазТорг қоймасында тұрды. Барлық құжат толық көрсетiлсе де, кеден қызметкерлерi: «Кiтапқа түспеген заң, яғни, өздерiнiң «жанқалтасында» ғана жазылған заң бар, ол «условная цена» деп аталады. Оның бағасы 1,08$/кг болып есептеледi, ал, ақша берсең «условная цена» алып тасталынады», – дейдi. Бұл кеден қызметкерлерiнiң пара алуына жасалған қолайлы жолдың бiр түрi емес пе? Егер де бұл бұйрық елге пайдалы болса, неге ашық түрде айтылмайды, неге баспасөзде жарияланбайды? Бiз осы уақытқа дейiн кедендiк тариф бойынша жұмыс iстеп келемiз, неге жоғарыдағыдай құпия бұйрықтарды бiз бiлмеймiз. Осының анық-қанығын бiлу мақсатымен бұл мәселенi хат түрiнде ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi агенттiгiне, Жоғарғы сотқа, Прокуратураға жолдадым.

– Нәтижесi не болды?

– Хатымды баспасөз бен теледидарға жолдағанымды да ашық айттым. Бұл Қазақстандағы шағын бизнестiң дамуына айтарлықтай кедергi әкеледi. Iскер ағайындардың байланыс орната алмауының себебi, бiздiң шағын және орта бизнестiң дұрыс жолға қойылмауында. Жанайқайым аяқсыз қалған жоқ. Жоғарыдағы айтқан мекемелерден жауап келгеннен кейiн өздерi-ақ шақырды. Осы хаттың арқасында қоймада тұрған затымыздың күнделiктi ақшасын ғана төлеп, қайтарып алдық. Бiрақ бiз үшiн бiр бұл емес, салынатын салықтың көптiгi де бiтпес жырға айналды. Салық кодексiнде оралман жеке төлқұжатын алып, жеке кәсiпкер ретiнде тiркелсе, салық төлеуден босаты¬лады және Жер кодексiнiң 46-бабына сәйкес оларға жеке шаруашылығы, өндiрiсi үшiн жер телiмдерi берiледi деген бос сөз болып қалды. Қолының ебi бар, iс жасай алатын, кәсiппен айналысып, оның тiлiн бiлiп қалған оралман өз Отанында ел қатарлы күнiн көрiп, бала-шағасын асырайын десе, осы салықтың құнынан аттап баса алмайды.

– Қазақстанға келу кезiндегi қиыншылықтар мен азаматты алудағы кедергiлерге тоқталып өтсеңiз?

– Бұрын Қытай төлқұжат бермейдi деп қиналатын болсақ, қазiр виза мәселесi күрделенiп барады. Үрiмшiдегi елшiлiкте құжат алу үшiн 3-4 ай бұрын кезекте тұрғандар бар. Тiптi, қандастардың көбi сол жерде төсенiшiн төсеп, жата-жастана күтуден жалығар емес. Елiмiзде бiлiм алғысы келетiн жастар да әлi күнге дейiн сол визасын ала алмай уақытын өлтiрiп жатыр. Жақында Қытайға жолым түсiп едi. Сонда қуанғаным, виза құны арзандапты, 40-60 юань шамасында. Бұған да тәубе деп отырған халық Қазақстаннан бiреу-мiреу келiптi десе, қазақ халқының жағдайын сұрап, шыр-пыр болады. Сiз айтпасаңыз да, Өскемен, Семей, Алматы, Талдықорған төңiрегiнде қандай аудан, ауыл бар екендiгiн көрмей-ақ бiлiп отыр. Өйткенi, олардың әңгiмесiнiң негiзгi ауаны – Қазақстан, қазақ елi туралы. Оның үстiне күндердiң күнiнде бара қалсақ, мал, егiн шаруашылығы және шағын бизнеспен айналысуға қолайлы жерден қоныс тепсек дейдi.

– Негiзiнен Солтүстiк өңiрдi қазақиландыруға байланысты оралмандарға квотаны көбiне-көп осы аймаққа берiп жатады. Ал қандастар болса, қазақ тығыз қоныстанған Алматы, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл облыстарында түтiнiн түтеткiсi келедi. Осыған не айтасыз?

– «Анда бар, мұнда кел» деген оларға қиын тиедi. Оралман елiмiзде үстемдiгiн әлi жүргiзiп тұрған орыс тiлiн бiлмегендiктен де, бiраз әбiгерге түседi. Оны өз басымнан да талай өткiздiм. Егер де жер телiмi немесе баспана берiлетiн болса, одан қашудың керегi жоқ сияқты.

– Мәселе квотаны алғаннан кейiн, қайта арыз жазып, «осы қалаға немесе ауданға көшсем» дейтiндерде болып тұр ғой…

– Естуiмше, мұндай жандар бар. Ата-бабадан мирас болып келген салт-дәстүрдi берiк ұстанғандықтан, сол қазақилыққа жақын туыс-бауырлармен араласқанды жөн көретiн болуы керек. Әр елде әр түрлi бейiмдiк орта. Оны таппаған адам жерсiнбейдi де. Бiрақ Қазақстанның қай қаласында болсын, бастысы – еңбек етсең, өмiр сүруге жағдай бар.

– Қытайда қазақтың тiлi өшiп жатқан жоқ па?

– Жоқ. Өзiм де қытайша оқыдым, қытай тiлiнен сабақ бердiм. Бiрақ осындағы қазақ тiлiн мықты бiлемiн дегендердiң қалпағын шыр айналдыра алатын қауқарым бар. Қытайдағы қазақ өзге тiлдi үйренсе де, өз тiлiнде таза сөйлейдi. Мына елiмiздегi жаңа қазақтар секiлдi сөз арасына басқа тiлдi мүлде араластырмайды. Сол сияқты Үрiмшiде 2 телеарна (Шыңжан–1, Шыңжан–2), және ондаған басылымдар таза қазақ тiлiнде шығып хабар таратады. Тiптi, ақпарат құралдарының жарнамасына дейiн қазақша. Сондай-ақ, жақында Үрiмшiде өткен Алматы күндерi де өз деңгейiнде шырқалып, қазақ елiнiң бiрлiгiн дәлелдегендей болды. Халық дән риза. Мiне, бұл да арадағы мәдени-рухани көпiр секiлдi ұйымдастырылған шара.

Бәрiмiзге белгiлi, Қытай да жаһандану саясатына көшiп келедi. Бiлiм ошақтары аралас тiлдiлiкке бағытталу үстiнде. Соңғы жылдары бұл елде қазақ, ұйғыр, ханзу тiлiндегi мектептердi бiр жерге топтап, шоғырландырып жатыр. Бiрақ олардың сыныптары бiр болғанмен, мектебi бiр. Әрине, бұдан кейiн тiл де шұбарлана беретiнiне күмән жоқ.

– Жақында ғана Қытайда болдым дедiңiз. Қандас-бауырлардың елге айтар қандай сәлемi бар екен?

– Сол барғаннан кеткенге дейiн сұрайтыны елдiң ахуалы, тұрмысы. Өздерi айдалада жүрсе де, қазақтың бiрлiгiн, тыныштығын тiлеп отырады. Олар Қытайда өмiр сүргенмен, бала-шағасының келешегi Қазақстанда екендiгiне сенiмдi. Сондықтан да қандастарды мазалай¬тын бiр ғана мұң бар. Ол – Отанға қолдағы бағып, өсiрiп отырған малымен бiрге келсек екен деген өтiнiш. Әр отбасының ең кемiнде 500 бас малы бар. Ал оны сол жерде сатса, ақша болмай қалады. Егер осы бар малымызбен келуге мүмкiндiк болса, Үкiметтен ештеме сұрамаймыз, өз күнiмiздi өзiмiз көремiз дейдi.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

turkystan.kz

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close