Қаржы және төлемдер
Енді әскери резервтегі адамдарға жалақы төленед

Фото: ашық дереккөз
Енді әскери резервтегі адамдарға жалақы төленеді, деп жазады qandastar.kz
Сенаторлар резервтегі әскери қызметке қатысты заңға түзетулерді мақұлдады. Әскери резервтегі адамдармен келісімшарт ерікті түрде 3 жылға жасалады. Ал жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар мен жиындар ай сайынғы үш күнге дейінгі сабақтарды қоса алғанда, жылына күнтізбелік 60 күннен аспайтын уақытты алады. Әскери резерв қатарында болғысы келетіндерге қойылатын талаптар: жеке және кәсіби қасиеттердің болуы, білімі; жас ерекшеліктері (жеке құрам мен сержанттар үшін – 18 жасқа толған және 47 жастан аспаған, офицерлік құрам – 57 жасқа дейін); үміткер міндетті түрде мерзімді әскери қызметтен немесе әскери кафедрадағы дайындықтан өтуі тиіс.
Резервтегі әскерилерге ай сайын бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы төленетін болады. Ал жауынгерлік даярлық бойынша жиындардан немесе дағдарыстық ахуалдар кезіндегі жиындардан өту кезеңінде ең төмен (жұмыссыз адамға) және жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақы (жұмыс істейтін адамға) беріледі. Бұл ретте олардың жұмыс орны сақталады. Олар жарақат алған жағдайда медициналық көмекпен, тамақтанумен және біржолғы өтемақымен қамтамасыз етіледі. Жиындар мен оқу-жаттығулар кезінде қайтыс болған жағдайда мұрагерлеріне 500 АЕК мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделген.