Жаңалықтар
Елімізде қандай дәрігерлер тапшы?

Фото: ашық дереккөз
2024 жылы дәрігерлердің тапшылығы 19%-ға, яғни 4 864-тен 3 954 маманға дейін қысқарған, ал орта медицина қызметкерлерінің тапшылығы 7%-ға, яғни 4 820-дан 4 505-ке дейін төмендеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында айтылды, – деп хабарлайды qandastar.kz
Ең тапшы мамандардың тізімінде терапевттер, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, хирургтар мен педиатрлар болып тұр.
Денсаулық сақтау саласының кадрлық ресурстарын заңнамалық деңгейде бекіту мақсатында ауылда әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды. Бүгінгі таңда өткір тапшы мамандықтар бойынша 207 медицина қызметкеріне біржолғы төлемдер жүргізілді, – деген ақпарат айтылды алқа отырысында.
Сонымен қатар, тұрақты жұмыс орнына келген 544 дәрігер, оның ішінде 2024 жылғы 226 түлек әлеуметтік қолдау шараларын алды.
Медицина қызметкерлерін, оның шеңберінде 164 мың маманды құқықтық қорғау мақсатында кәсіби жауапкершілікті сақтандыру туралы Заң қабылданды.
Денсаулық сақтау министрлігі арнайы мамандарды даярлауға квоталарды 1500-ден 2500 орынға дейін ұлғайтты және мамандарды өңірлер бойынша біркелкі бөлу үшін кадрларды есепке алудың ұлттық жүйесін (КЕЖ 2.0) енгізуде.