Әлем жаңалықтары
Қазақстандықтар шетелге 789 миллиард теңге жіберген

Фото: ашық дереккөз
Бұл туралы Ұлттық Банктің 2024 жылға жасаған қорытындысынан белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz
2024 жылы ХААЖ (халықаралық ақша аударымдары жүйесі) арқылы жүргізілген ақша аударымдарының жиынтық көлемі 1,05 трлн теңге болды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 21%-ға төмен.
Шот ашпастан ХААЖ арқылы жүргізілген барлық операцияның 97%-ы Қазақстан мен басқа елдердің арасындағы трансшекаралық аударымдарға тиесілі.
Шетелге жіберілген ақша аударымдарының көлемі – 788,9 млрд теңге немесе ХААЖ арқылы жүргізілген трансшекаралық аударымдардың жиынтық көлемінің 77%-ы.
ХААЖ арқылы жүргізілген осы аударымдарды алушы негізгі елдер – Өзбекстан (29,7%), Ресей (29,4%), Түркия (19,8%), Грузия (6,8%) және Қырғызстан (3,7%). Бұл аударымдардың шамамен 83% «Золотая Корона» жүйесі арқылы жүргізілген.
Шетелден алынған ақша аударымдарының көлемі – 236,8 млрд теңге немесе ХААЖ арқылы жүргізілген трансшекаралық аударымдардың жиынтық көлемінің 23%-ы. Шетелден Қазақстанға жасалған бір аударымның орташа сомасы 300,6 мың теңге болды.
ХААЖ арқылы жүргізілген осы аударымдарды жіберуші негізгі елдер – Ресей (26,1%), АҚШ (13,7%), Оңтүстік Корея (10,3%), Өзбекстан (10,0%) және Түркия (8,6%). Операциялардың 81%-дық үлесі «Золотая Корона» және «Вестерн Юнион» төлем жүйелеріне тиесілі.
Халықаралық ақша аударымдары жүйесі банктік шот ашпай-ақ аударым жасау үшін пайдаланылатынын атап өтеміз. Негізінен, бұл аударымдар жеке тұлғалар арасындағы өтеусіз аударым сипатында болады, — делінген Ұлттық Банк хабарламасында.