Жаңалықтар
Сауалдарымыздың 79 пайызына Үкімет мардымсыз жауап берді – Елнұр Бейсенбаев

Фото:parlam.kz
Депутаттар Үкіметке жолдаған сауалдарына мардымды жауап ала алмаған. Бұл дегеніміз – халықты толғандырған мәселелердің жауапсыз қалғанымен тең. Бұл туралы AMANAT Фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев айтты, деп жазды qandastar.kz
AMANAT Фракциясының депутаттары жыл басындағы өңірлерге сапар барысында 274 елді мекенге барып, 582 кездесу өткізді. Сапар қорытындысы бойынша сайлаушылардан мыңнан астам арыз-шағымдар жинақталып, Үкіметке жолданды. Осындағы әрбір сұрақтың артында халықты толғандырып жүрген сандаған жүйелі мәселе, мыңдаған түйткіл мен миллиондаған адамның тағдыры жатқаны сөзсіз. Сол сауалдарға 20 министрліктен жауап келді. Дегенмен, ашығын айту керек, сұрақтардың басым бөлігіне сырғытпа жауаптар мен формальды ұсыныстар берілген. Атап айтқанда, республикалық деңгейдегі 355 нақты сауалдың небәрі 76-сына ғана тиісті жауап алдық. Ал қалған 79 пайызына Үкіметтің жауаптары мүлдем мардымсыз әрі дәйексіз болды, – деді депутат.
turkystan.kz жазғандай, жылдар бойы қордаланған, қаншама жанның тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін ауқымды мәселелер тағы да шешусіз қалды деген сөз. Бұған мысал ретінде ол МӘМС жүйесіндегі олқылықтардың түзелмеуін келтірді.
Мысалы, денсаулық сақтау саласына МӘМС-тің енгізілгеніне 5 жылға аяқ басса да, жаңа жүйенің жыры бітпей қойды. Әлі де жүйеден тыс 3,5 миллион халық болса, оның артында жүйелі жарнасын төлесе де, жүйесіз қызмет алатындардың саны одан әлдеқайда көп. Мәселен, былтыр үш айдың ішінде Астана тұрғындарынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 680 өтініш түссе, оның 70%-ы шағым болған. Мәжіліс мінберінен 3 жыл бойы медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермейтінін айтсақ та, Үкіметте не бір ұсыныс, не бір шешім болмай келеді. Үш жылда үш министр ауысқанымен, медициналық сақтандыру мәселесінде нақты үш мәселе де шешілмеді. Шағым азаймады, кезек кемімеді, сапа жақсармады. Яғни Қазақстанда байлар емделмейтін, кедейлер емделе алмайтын жағдай әлі де орын алуда, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен қатар, депутат жұмыссыздықтың азаймауы туралы да сөз қозғады.
Цифрланған заманда статистиканы бұрмалау – ауруын жасырғанмен тең. Мысалы, Үкіметке сенсек, соңғы 15 жыл бойы жұмыссыздық – 4-5 пайыздық өзгермейтін көрсеткіште тұр. Ал шындығында, елімізде жұмыссыздардың саны 10-12 пайыз, яғни 1 миллионнан астам. Оған дәлел – МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,5 миллион адам, тіпті 1 теңгелік зейнетақы жарнасы жоқ 3 миллион азамат, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллион адам, «NEET» санатындағы 400 мың жас. Бұлардың барлығы ешбір тіркеуде жоқ, мүлдем табысы жоқ. Табысы болса, оның өзі маусымдық табыс. Бұған қоса, 2027 жылға қарай еңбек нарығына қосымша тағы 300 мың жас қосылады. Ал Үкімет оған дайын емес. Өңірге сапар барысында да халықтың ең көп сұрайтыны – осы жұмыспен қамту мәселесі. «Екі қолға бір күрек табылар» деген халық тәмсілі талай ауыл жұртына арман болып отыр. Сондықтан мәселені жасырып жаппай, статистиканы бұрмаламай, нақты жұмыс орындарын ашу бойынша жүйелі шараларды қолға алған жөн.
Депутаттың айтуынша, сайланған ауыл әкімдерінің құзыретін арттыру мәселесі өте өзекті.
Президенттің қолға алған реформаларының нәтижесінде елімізде ауыл және кент әкімдері сайланды. Халық өзі сайлағаннан кейін әкімнен нәтижелі жұмысты талап ететіні белгілі. Алайда әкімдердің тиісті құзыреті болмағандықтан, қолы қысқа. Мәселен, ауылдағы мектепте жылыту жүйесі істен шықса, оны облыстағы білім басқармасының нұсауынсыз шешу мүмкін емес. Үкіметтің көші-қон бағдарламасы мүлдем іске аспады. Мысалы, соңғы бес жылда Шығыста 350 ауыл, Солтүстік пен Павлодар өңірінде 987 ауыл бос қалды. Бұл – жай ғана ауылдың саны емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы. Ең қызығы – Үкіметтің уәдесіне сеніп теріскейге көшкендердің көбі қайта көшіп кетті. Оған қоса, шамамен 2050 жылы оңтүстіктің халқы екі есеге өссе, теріскейде керісінше екі есеге азаяды деген болжам бар. Сондықтан бұл жобаға барынша ұлттық мәртебе беріп, еліміздің негізгі әрі серпінді идеологиялық, демографиялық қозғалысына айналдыруымыз керек. Көріп отырғандарыңыздай, депутаттар барлық мәселеден хабардар. Елмен етене араласып, әрбір мәселені шешу үшін жұмыс жасап жатыр. Президентіміз айтқандай, енді Үкімет батыл және ұтымды шешім қабылдауы тиіс. Халық бізден осыны күтеді, – деп сөзін түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.