Жаңалықтар
Желіде хабар тарады: «Мұстафа Шоқайдың зираты бұзылғалы жатыр»

Әлеуметтік желіде осылай деп үндеу тастаған оқырман Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың зираты жуық арада бұзылатынын айтты, деп жазады qandastar.kz
Видео авторының айтуынша, Мұстафа Шоқай жерленген қорымда санаулы адамның ғана зираты қалған көрінеді.
«Қазақстанға алып кетіңіздер дейді. Бұл жердің бәрі бұзылады екен. Алып кетуге рұқсат, топырағымен бірге» деп, сөлейді видео авторы. Видеоның қай уақытта түсірілгені белгісіз.
Бұған дейін де бірнеше рет Шоқай зиратының бұзылатыны туралы айтылған болатын, алайда сыртқы істер министрлігі ондай ақпаратты теріске шығарған болатын.
«Әлеуметтік желіде Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың зиратын бұзып, қиратып, басқа жерге көшіргелі жатқаны туралы жалған ақпараттар тарап жатыр. Бұл ақпарат расталмайды. Өйткені біздің Елшіліктің қызметкері дереу барып, зират қызметкерлерімен сөйлесіп, фото, видеоға түсіріп, бәрін өз көзімен көріп келді. Мұстафа Шоқайдың зираты орнында. Ешқайда көшірілмейді. Сондықтан мұндай өтірік ақпарат таратуды тоқтату керек», – деді, 2023 жылы сол кездегі СІМ өкілі Айбек Смадияров.