Жаңалықтар
Қаңтардан бері Қазақстанға 14,3 мың қандас келген
Жыл басынан бері 14 358 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бері елге 1 млн. 84,7 мың этникалық қазақ оралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 12 қазан күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.
Биыл келген қандастардың жартысынан астамы (76,3%) Өзбекстаннан, 9,4%-ы Қытайдан, 6,4%-ы Түрікменстаннан, 2,5%-ы Моңғолиядан және 5,4 %-ы басқа елден келген.
Келгендер негізінен Алматы (28%), Маңғыстау (19,3%), Түркістан (13,5%) және Жамбыл (8,1%) облыстары, сонымен бірге Шымкент қаласына (10,7%) қоныстанған.
Ақпаратқа қарағанда, қоныс аударушылардың 55%-ы – еңбекке жарамды, 27,9%-ы – еңбекке қабілетті жастан кіші , 17,1 пайызын зейнеткерлер құрайды.
Еңбекке қабілетті қандастардың 11,1%-ының жоғары білімі бар. 39,8 пайызының орта кәсіби білімі бар. 45,5%-ы – орта білімді. Шамамен 3,6%-ының білімі жоқ.
Ведомство мәліметінше, өңірлік квота аясында 720 қазаққа субсидия берілген, яғни отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (204,1 мың теңге) мөлшерінде ақша төленген.
Елде қандас мәртебесі бір жылға дейін жарамды.Былтыр мамырда көшi-қон мәселелерi бойынша кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзіліп, бұған дейін «оралман» аталып келген этникалық қазақтар «қандас» деп аталатын болған. Бірақ оралмандар бұл өзгерістер азаматтық алу процедурасын жеңілдетпеді деп санайды.