Жаңалықтар

“Магнум Конституцияны бұрмалап алған” — белгілі журналист

Фото: Даланьюс
Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртебесі заңмен бекітілгенімен, оны күнделікті өмірде қолдану мәселесі әлі де талас тудырып келеді. Соңғы уақытта Magnum супермаркеттер желісіндегі курьердің клиенттен қазақша сөйлеуді сұрап, артынан жұмыстан шығарылғаны қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде бойкот пен қолдау параллель жүріп жатқан тұста, журналистер мен заңгерлер бұл жағдайдың құқықтық және моральдық қырларын талқылады, деп жазды qandastar.kz
Бұл оқиға — елдегі тіл саясаты мен бизнес этикасының тоғысқан тұсын айқын көрсетіп бергендей. Dalanews.kz тілшісі оқиғаның қалай басталғанына шолу жасап, заңгер пікірін білді.
Оқиға неден басталды?
Әлеуметтік желілерде Magnum супермаркеттер желісінің курьерінің жұмыстан шығарылуы қоғамда үлкен талқыға түсті. Бұл жағдай курьердің клиенттен қазақ тілінде сөйлеуін сұрауынан кейін болған.
Клиент Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде, курьер одан қазақша сөйлеуді талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьер жұмыстан қуылған.
Magnum компаниясы не дейді?
Magnum компаниясы бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, курьердің жұмыстан шығарылуы тек тіл мәселесіне байланысты емес екенін айтты. Олардың мәліметінше, курьер клиенттермен бірнеше рет дөрекі сөйлескен.
Компания барлық тұтынушыларға бірдей құрметпен қарайтынын және қызмет көрсету мәдениетін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Қоғамдық реакция және бойкот жариялау
Бұл жағдай қоғамда үлкен наразылық тудырды. Көптеген қазақстандықтар Magnum желісіне бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары компанияның әрекетін сынға алып, мемлекеттік тілге деген құрметтің төмендігін атап өтті.
Серік Әбікенұлы: “Магнум Конституцияны бұрмалап отыр”
Белгілі журналист, медиа менеджер, жазушы Серік Әбікенұлының айтуынша, Magnum Конституция мәтінін өз ыңғайына бейімдеп алған.
“Конституцияның 7-бап 2-тармағында “Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады”- делінген. Соған магнумдықтар “және ұйымдарда” деген жалған тіркес қосып алыпты. Яғни ешбір сауда дүкеніне біздің Заң орысша сауда жасауға рұқсат бермейді. Оны қолдануға басқа актілер рұқсат етеді. «Магнум» парламент, министрлік, әкімдік емесі анық”, — дейді журналист.
Фото: malim.kz
“Магнум сендерді менсінбейді” — Бекболат Қаржанның жазбасы
Әлеуметтік желіде қызу талқыланған жазбалардың бірі — Бекболат Қаржанның посты. Ол Magnum-ның әрекетін ашық сынап, оның артында тұрған адамдарға да тоқталды.
«ҚР Конституциясының 7-бабының 2-тармағында былай деп көрсеткен:
-Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады-деп көрсеткен. Ал, Магнумның бір пысықай қызметшісі осы бапты өзінше өзгертіп, Конституциядағы мемлекеттік ұйымдарда дегенді өздерінше «кәсіпкерлік ұйымдарда» деп өзгертіп, сендерді лох қылу бізге не тұрады дегендей, қасақана жасап отыр. Бұлар Конституцияны да өзгерте алады екен ғой. Динара деген аттан садаға кет! Мангумның Динара деген қызметкері де ресейтілді бір ит болуы мүмкін. Ол енді белгілі ғой», дейді ол.
Бекболат Қаржанның пайымынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 300-500 миллиард доллар қаражат сыртқа кеткен. Ол мұны ұлттық құндылықтарға құрметсіздікпен байланыстырады.
“Мемлекеттік тілді құрметтемейтін елді Magnum секілді компаниялардың да менсінбеуі заңдылық”, — дейді ол.
Заңгер не дейді?
Заңгер Айгүл Оқасова Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі — мемлекеттік тіл екенін атап өтті. Алайда еңбек қатынастары саласында қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері еңбек шарттары мен ішкі тәртіп ережелерінде айқындалады.
“Қызметкердің клиенттен белгілі бір тілде сөйлеуді талап етуі оның лауазымдық міндеттеріне кірмесе және бұл әрекет клиенттің құқықтарын шектесе, жұмыс беруші тәртіптік жаза қолдануға құқылы”, — дейді заңгер.
Қандай жағдайда жұмыстан шығаруға болады?
Айгүл Оқасова Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыстан шығарудың бірнеше заңды негізі бар екенін түсіндірді:
1.Еңбек міндеттерін өрескел бұзу — клиентпен дөрекі сөйлесу, компанияның беделіне нұқсан келтіру.
2.Ішкі тәртіп ережелерін бұзу — бірнеше рет немесе өрескел тәртіп бұзған жағдайда.
3.Сенімсіздік білдіру — жұмыс берушінің сенімі жоғалған жағдайда, әсіресе зиян келтірсе.
“Мемлекеттік тілді құрметтеу маңызды, бірақ қызмет көрсету саласында клиентпен қарым-қатынас кезінде тіл мәселесін көтеру әрқашан қызметкердің міндетіне сай келе бермеуі мүмкін”, — деп қорытындылады ол.
Соңғы ақпараттарға қарағанда, қазақ тілінде сөйлеуді сұрағаны үшін жұмыстан қуылған Magnum экс-қызметкері қазіргі таңда жалақысы әлдеқайда жоғары жұмысқа орналасқан.
“Неше есе көп жалақы! Өмір деген сол — бір есік жабылса, екіншісі ашылады. Ешқашан мойымау керек”, — деп жазды журналист Дастан Қастай.
Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close