Жаңалықтар
Қызылорда облысында көпбалалы әке мен депутат арасындағы жер дауы сотқа жетті

Фото:скрин
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында көпбалалы әке Ысқақ Заттилаев өзіне тиесілі жер телімін аудандық мәслихат депутатына уақытша берген. Бірақ келісілген мерзім аяқталған соң, депутат бұл жерді қайтарудан бас тартқан. Бұл туралы qandastar.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ысқақ Заттилаевтың айтуынша, ол 2018 жылы 75 гектар жерді депутатқа үш жылға уақытша пайдалануға берген. Екі тарап бұл келісімді құжат жүзінде рәсімдеген. Депутат бұл жерді «тұқым шаруашылығын ашамын» деп сұраған. Алайда келісім мерзімі біткеннен кейін, ол жерді қайтармай, өзі иеленіп алған. Көпбалалы әке осы жерге күріш егіп, жеті баласын асырап отырғанын айтады.
Бұл жағдай ушығып, сотқа дейін жеткен. Аудандық сот Заттилаевтың пайдасына шешім шығарып, жерді қайтару туралы үкім еткен. Бірақ депутат бұл шешіммен келіспей, аппеляциялық сотқа шағым түсірген.
Қазір іс аппеляциялық сотта қаралып жатыр. Түсірілім тобы сот отырысына қатыспақ болғанымен, депутат пен оның заңгерлері қарсы болып, судья түсірілімге рұқсат бермеген. Депутат тілшілерге пікір білдіруден де бас тартты, бірақ сырт көзден заң аясында әрекет етіп жатқанын айтқан.
Ал әкімдік өкілі Серік Сейдуалиев бұл дауға араласа алмайтынын мәлімдеді.
«Әкімдік тарапынан жүргізілген қаулылар немесе шарттарға байланысты ешқандай дау айтылып тұрған жоқ бұл жерде. Бір-бірімен келіспей отыр. Келіскен жағдайда ішінара қайта рәсімдеуге толық мүмкіндіктері бар. Келіспегендіктен қазір сот арқылы шешіліп жатыр», – деді Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары.
Көпбалалы әке аппеляциялық сот істі ұзаққа созып жатыр деп алаңдаулы. Ол депутаттың ықпалы бар деп күдіктенеді. Дегенмен, отбасының жалғыз күнкөріс көзі болған жерді қайтару үшін соңына дейін күресетінін айтты.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жер дауы ушығып кеткенін жазған едік. Жүздеген тұрғын күріш егумен айналысатын қожалықтағы жер үлестерін ала алмай жүр. Айтуларынша, шаруашылықтың төрағасы түскен пайданы не халықпен бөліспейді, не ауылға жағдай жасамайды. Жерге өнім еккен халық аудан әкімі бізге кедергі келтіріп отыр дейді.