Жаңалықтар
«Ол мені пышақтамақ болды»: Әуежайда кепілге алынған қыз сотта оқиғаны баяндады

Фото: Орда.кз
Алматыда кепілге алынған Ботагөз Мұхтарова сот залында күдіктінің әрекетін егжей-тегжейлі сипаттап берді, деп хабарлайды qandastar.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы халықаралық әуежайында қызметкерді кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Оқиға кезінде зардап шеккен әуежай қызметкері Ботагөз Мұхтарова сотта сол күнгі жағдайды егжей-тегжейлі айтып берді.
Мұхтарованың айтуынша, бәрі қарапайым сұрақтан басталған.
«Одан отырғызу талонын және жеке куәлігін сұрадым. Бірақ ол жақындап келіп, мені шашымнан тартып ұстады. Сол сәтте пышағын алып шықты. Мен айқайлай бастадым, «шошыну» басталды. Көмек сұрадым. «Өтінемін, жіберіңізші» деп жалындым», – деді жәбірленуші.
Оның айтуынша, күдікті өте ашулы болған. Қолындағы пышақты сермеп, ешкімді жанына жолатпаған. Көмекке келгендерге де ашуланып, айқайлай бастаған.
«Маған айқайлап: «Үніңді өшір, айқайлама!» деді. Ештеңе талап етпеді. Не қалайтынын өзім де түсінбедім», – деп жалғастырды Мұхтарова.
Сот отырысында жәбірленуші оқиғаның аяқ астынан болғанын атап өтті. Сол сәтте қорқыныштан қозғала да алмағанын, тек бетін қолымен жауып алғанын айтады.
«Ол мені пышақтамақ болды. Алдымда екі полицей мен мені құтқарған бір ер адам ғана болды. Күдікті полицейлерге «Жақындасаңдар, қазір әуежайды жарып жіберемін» деп қорқытты», – деді жәбірленуші.

Қыз қатты қорыққаннан, бетін қолмен жауып алғанын айтты. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам ештеңе талап етпеген.
«Бір ер адам: «Қызды жібер, оның орнына мені ал» деді. Мен айқайлап, жылап тұрдым: «Менің кішкентай балам бар, жіберіңізші!..» деп. Қалай босатқанын өзім де есіме түсіре алмаймын. Босатқан сәтте әріптесім жаныма келіп, мені алып кетті…», – деді сұмдық күнді еске алған терминал қызметкері.
Сотта Машрапбек Баратов сотта кінәсін ішінара мойындады. Ол нақты талап ретінде не ақша, не ұшақ — қоймағанын айтып, соны дәлелдеуге тырысты. Тіпті, оқиға орнында оған ұшақ ұсынып көргенде, ол бас тартқанын айтты.
Сондай-ақ, ол қылмысты алдын ала жоспарламағанын, әуежайға кездейсоқ тап болғанын және қатты күйзеліс жағдайында болғанын айтты. Оның айтуынша, өзі күзетші болып жұмыс істейді, алайда, бірнеше ай жалақы алмай жүрген соң, бұл жайт қылмыс жасауға итермелегенін жеткізді.
«Мен таңертең ерте үйден шықтым. Күзетші болып жұмыс істеймін. Үш айдан бері жалақы алған жоқпын. 8 наурызға дейін бірдеңе сатып аламын деп ойладым. 106-шы автобусқа отырып, үйге қайтамын деп ойладым. ОЛХ-қа кіріп, жұмыс іздедім. Әуежайға қалай жеткенімді өзім де түсінбей қалдым. Ішімде уайым көп болды. Отбасылық қиындықтар мазалады. Әуежайға кіріп кеттім, не болғанын білмеймін. Қолымда 7 мың теңге болды. Маған ешкім кедергі жасаған жоқ. Бір қызға жақындағанда, ол мені жағамнан тартты. Мен оның шашынан қалай ұсатп алғанымды байқамай қалдым. Бір кезде айналма айқай-шуға толып кетті. Сол арада полицейлерді көрдім, маған оқ ата ма деп қорықтым. Сөмкемде асхана пышағы болған еді», – деді Баратов.
Күдіктінің айтуынша, ол қызды құтқармақ болған адамға ешқандай қауіп төндірмеген. Полицейлер өздері сасқалақтап, әрекетсіз қалғанын айтқан ол, құқық қорғау органдары өз міндетін орындауы тиіс деп ойлағанын жеткізді. Сонымен қатар, Баратов өз әрекетінде пышақпен қасақана шабуылдау немесе жарылыс жасау ниеті болмағанын мәлімдеді.

Сотта Баратов 1981 жылы Ауғанстан соғысында контузия алғанын жеткізді.
«Бас сүйегімнің екі жері сынған, мидың шақалуы яғни контузия бар. Көктем келсе сол жарақатым маған әсер етеді. Оған қоса қаржылық қиындықтарда мені жеп қойды», – деді Баратов.
«Ешқандай талап қоймадым»
Судья Дастан Әлмағамбетов айыпталушының өз куәліктерін ішінара өзгерткеніне таңданыс білдірді. Ол Баратовтан кінәсін мойындай ма деп сұрады. Айыпталушы оң жауап берді. Бірақ ол тұтқындағанда ешқандай талап қоймағанын айтты.
Осыдан кейін судья үзіліс жариялады. Жағдай шиленісе түсті. Себебі, кепілге алу туралы бап бойынша қылмыскер нақты талап қоюы қажет. Айыпталушының адвокаты бұл бап бойынша қылмыстық құрамның жоқтығын алға тартады, себебі Баратов талап қоймаған.
Судья Дастан Әлмағамбетов сотқа дейінгі тергеудің қысқа мерзімде аяқталуына да дәл осы күдіктінің кінәні толық мойындағаны себеп болғанын атап өтті. Ал енді, егер айыпталушы ресми түрде мойындаудан бас тартса, іс қосымша тергеуге жіберілуі мүмкін.
Айыпталушы Машрапбек Баратов психоневрологиялық мекемелерде есепте тұрмайды. Бұл туралы оның адвокаты Қанат Дүсеков мәлімдеді. Баратов Ауғанстандағы қызметі кезінде контузия алса да, ресми медициналық құжаттар мен емделу фактілері жоқ.
«Оның ешқандай ауытқуы жоқ», — деді мемлекеттік қорғаушы.

Адвокаттың пікірінше, Баратов кепілге алу қылмысын жасаған жоқ.
«Мұнда тек пышақ қолданған яғни бұзақылық әрекет ғана болды», — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, тергеу мәліметінше, Машрапбек Баратов қол сөмкесінде бомба бар екенін айтып, жолаушыларды қорқытқан. Ол бұған дейін де қоғамдық орында әйелге қол көтергені үшін үйқамақта отырған. Қазір оған үш бап бойынша ауыр айып тағылып отыр: кепілге алу, қару қолдану арқылы бұзақылық жасау және терроризм актісі туралы жалған хабар беру.
Еске сала кетсек, 7 наурыз күні әуежайда пышақ ұстап, қызметкер қызды кепілге алған адамның бейнежазбасы жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Алайда сол кезде кепілге қыздың орнына өзін алуды сұрап, пышақты тартып алып, тәртіп бұзған азаматты ұстаған қарапайым азамат Мұса Әбдірайым екені белгілі болған еді. Ол Тоқаевтың жарлығымен арнайы медальмен марапатталды.
Келесі сот отырысы 9 сәуірде өтеді. Orda.kz процессі барысын бақылап отырады.