Жаңалықтар
Айыпталушы Шерзаттың анасын да өлтіремін деп қорқытқан

Фото:
Талғар қаласында Шерзат Болаттың қазасына қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында марқұмның анасы Гүлбара Бишімбиева куәлік берді, деп хабарлайды qandastar.kz Skifnews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Гүлбара Бишімбиеваның айтуынша, қайғылы оқиға болған түні күйеуі Қаржаубай қоңырау шалып, ұлы Шерзаттың біреумен жанжалға түскенін хабарлаған. Ол екінші ұлы — Нұрқанатты оятып, дүкен жаққа жіберуді сұраған.
«Нұрқанатты ояттық, ол көлікпен кетіп қалды. Қаржаубай қайта хабарласып, “бәрі жақсы, шешіп жатырмыз” деді. Бірақ уайымдап, енеммен бірге біз де шықтық. Таксимен “Қамажай” дүкеніне жеткенде, 10-15 адам жиналып қалғанын көрдік. Екі қыз да бар екен. Сол сәтте біреуі “делайте!” деп айқай салды», – деді марқұмның анасы.
Гүлбараның айтуынша, Шерзат алғаш бетінен ұрылып, кейін жауап соққы бергеннен кейін жағдай ушыққан. Қарсы тарап бірден жабыла кетіп, ұрып-соғу басталған.
«Абзал мен Нұрбол мені ұстап жібермей қойды. “Балама тимеңдерші, анасымын” деп жалындым. Сонда Абзал “аузыңды жап, сені де өлтіремін” деп қорқытты. Екі қыздан “жедел жәрдем мен полиция шақырыңдаршы” деп сұрадым, бірақ олар ештеңе істеген жоқ», – деді анасы сотта.
Ол 7-8 адам Шерзатқа жабылғанын, баласының шегініп барып құлаған сәтте денесінен қан ағып жатқанын байқағанын айтады. Сол кезде оның пышақ жарақатын алғанын түсінген.
«Нұрқиястың қолында мылтық болды. Нұрқанатты тепкілеп болған соң, Нұрқияс Шерзатқа қайта бет алып, оны басы мен желкесінен 3-4 рет ұрды. Араша түспек болдым, қолымды тостым. Бірақ ол мені де ұрып жіберді», – дейді Бишімбиева.
Сотта айтылған деректерге сүйенсек, сол түні шабуыл жасағандар пышақ, мылтық және бөтелке сынды қарулармен қаруланған. Шерзаттың әкесі Қаржаубай да соққыға жығылып, оған бөтелкемен ұрған, артынан пышақ салынған.
Сот процесі жалғасып жатыр.