Жаңалықтар

Қызылордада автосалон 20 автокөлікті меншік құқығынсыз сатып жіберген: Сатып алушылар көліксіз қалды

Фото: Видеодан скрин

Қызылордада автосалон 20-ға жуық автокөлікті меншік құқығынсыз сатып, тұрғындарды алдаған, деп жазды qandastar.kz

Адамдар 6-12 миллион теңге төлеп, көлік алған, бірақ сот шешімімен олар бастапқы иелеріне қайтарылды. Сатып алушылар көліксіз қалып, банктерге қарыз төлеуде. Кей көліктер бірнеше рет сатылған. Автосалонның екі қызметкері сотталып, бірақ автосалон әлі де жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер қайда жүгінерін білмей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Жетінші»арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылордалық тұрғын Күлімшат Еркін автосалоннан көлік сатып алу үшін банк арқылы 12 миллион теңге кредит алған. Қазір ол ай сайын 351 мың теңге төлеп отыр. Бірақ көлігі тәркіленіп, айып тұрағына қойылған. Сот көлікті алғашқы иесіне қайтару туралы шешім шығарған. Алайда Еркін не үшін кредит төлеп жатқанын түсінбей отыр.

«Неге менің атыма тіркелген көлікті біреуге беруім керек? Көлікті адал тапқан ақшама сатып алдым. Оны маған қайтарсын. Біз үшінші тарап ретінде біреудің кінәсі үшін жауап бермеуіміз керек», – деді арызданушы Күлімшат Еркін.

Мұндай жағдайға тағы кемінде 20 адам тап болған. Белгілі болғандай, автосалон көліктерді сатып алған соң, иелеріне ақша төлемеген. Тіпті кейбір көліктерді бірнеше адамға сатқан фактілер де анықталған.

«Судья зардап шеккен тарапты қолдады. Ал біз ешбір тарапқа жатпаймыз. Айтар сөзімізге де мүмкіндік берілмеді. Көліктеріміз тәркіленіп, қайтару шешімі шықты. Біз бұған наразымыз», – деді тұрғындардың бірі Гүлсара Игенова.

Кей көліктер әлі де банктің кепілдігінде болған. Бірақ банктің өкілдері сот отырысына шақырылмаған. Облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Мұхамедқали Мәдияров азаматтардың құқығы бұзылғанын айтады.

«Сот үкімі Конституцияға қайшы келеді. Себебі үкім бойынша көліктер иелеріне қайтарылуға тиіс. Бірақ сатып алушылардың кейбірі сотталғандардан 3-5 миллион теңге көлемінде ақша алған. Олар келісім бойынша ақшаларын жартылай болса да алды», – деді заңгер.

Сот үкімі шықса да, автосалон жұмысын жалғастырып жатыр. Қала сотының мәліметінше, автосалонның екі өкілі сотталып, бірі 4 жылға, екіншісі 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордадакөліктерін автосалонға сатқан отызға жуық адам компанияның алдап кеткенін айтып, бас көтерді. Сөздерінше, автосалонның иелері “көлікті қымбат бағаға аламыз, 14 күннен кейін ақшасы түседі” деп келісімшарт жасасқан. Алайда кейін көлік те, ақша да жоқ болған.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close