Жаңалықтар

Шыныққан бала, шымыр болады

Қазақ қоғамында жас жеткіншектердтің өмірлік жолын таңдауына, қара танығаннан рухани нәр алып, ұнамды қасиеттерді өң бойына жинақтауына ата-ананың тигізетін әсері мол. Өйткені бала өмірге ата-анасының көзқарасымен қарайды. Өсе келе баланың таным көкжиегі кеңейіп, айналадағы құбылыстарға өзіндік пікір қалыптастыра бастайды. Бала армандауды үйреніп, желден жүйрік, таудан алып болуға талпынады.

Міне, осы тұста ата-аналарымыз түрлі қиыншылықтарға тап болатыны белгілі. Бірі баласын интеллектуалдық орталықтарға берсе, ал бірі баласын әлеуеті жетпейтін үйірмелерге жетектейтіні рас. Бірақ «жас ағашты қалай исең, солай өседі» деген тәмсілді жадымыздан шығармағанымыз жөн. Ал спортқа әуес баланың бетін қақпай, таңдаған спорт түріне жол сілтеу – ата-ананың парызы. Себебі салауатты ұрпақ – саламатты елдің кепілі.

Осы орайда баласын «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының жеткіншектер үйірмесіне беріп, әуел бастан велоспортқа баулыған Гүлдана Сәрсенқызы баласының өзі қалаған спорт түріне барғанына өте қуанышты.

«Менің ұлым Ахметов Мансұр 12 жаста, велоспортпен айналысады. Балам жаттығуларын «Сарыарқа» велотрегінде өткізеді және өз жаттықтырушыларын қатты жақсы көреді. Ауа райы қандай болмасын жаттығуына баруға асығады. Егер жаттығуда жаңа бір нәрсе үйренсе, ол туралы қуана айтып келеді. Ол осыған дейін бірнеше жарыстарға қатысты, нәтижелері жаман емес, жаттықтырушылары нәтижелеріне дән риза», – деді Мансұрдың анасы.

Сонымен бірге Айнұр Ғабдуллақызы да ұлы Каримжанның жеткен жетістіктері үшін «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының жеткіншектер үйірмесіне алғысын білдіреді.

«Әрине, «Astana Qazaqstan Team» үйірмесіне көңіліміз толады. Әсіресе, жаттықтырушымыз Амилия Болатқызына алғысымыз шексіз. Топтағы ең кіші бала болса да, жаттықтырушылар бізге сенім артуда. Біз де сенімдерінен шығуға тырысудамыз», – деді ол.

Ал баласының шымырлығына сүйсінген Касымова Алмира ханым болса, жаттықтырушылар құрамының шеберлігін тілге тиек етті.

«Балам 2 жастан бастап жарыстарға қатысып келеді. Бапкерлеріне баламыздың физикалық дамуына қосқан үлестері мен спорттық мақсаттарға қол жеткізудегі табандылықтары үшін алғыс айтамын. Сіздердің педагогикалық шеберліктеріңіздің арқасында біздің жас чемпиондарымыз үлкен ықыласпен әрбір жаттығуға баруға асығады және келесісін тағатсыздана күтеді», – деді Аланның анасы.

«Үлгі болар ағаның ізін бас та, жолын қу» деген. Жас жеткіншектерімізге Александр Винокуров сынды ағаларының жолын берсін дейміз!

«Астана» кәсіби спорт клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, құрылтайшысы – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close