Жаңалықтар

Астана әкімі еңбек дауын шешпей тұрып, 1 млн түп ағашты қалай отырғызбақ?

Фото: almaty.astana.kz

Әкімдік не дейді?

Күні кеше таңда «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС жүргізушілері мен механизаторлары кәсіпорын ауласында жиналып, еңбекақыны дереу көтеру мәселесін талап етті, деп жазды qandastar.kz

Олардың айтуынша, компаниядағы жалақы үш жыл бойы өсіп көрмеген, ал төлем күні келгенде «жабылып қалған техниканы сылтау етіп» кешіктіре беретін көрінеді.

Бұл туралы Ulysmedia порталы жазған. Дереккөзге сенсек:

«Бізге, негізгі жұмыс күші біз болсақ та, алынған техниканың бағасы мен отырғызылған көшеттер саны жайлы жиі есеп береді, бірақ өз қалтамызға түсер нақты теңгені көтеруге келгенде бәрі үнсіз. Ал директор дөрекі», – дейді жұмысшылардың бірі.

Әкімдік не дейді?

Әкімдік бұл жиналысты «санкцияланбаған» деп атап, ресми түсініктеме таратты: 2024 жылы жүргізушілер мен механизаторлардың орташа айлығы 690 746 теңге болған, ал сыйақы бір жарым жылда 15 рет беріліпті.

«Қысқы маусымдағы тоқырауды болдырмас үшін қарашадан наурызға дейін жалақы уақытылы төленді, бір жылдан артық еңбек еткендерге бір айлық көлемінде сауықтыру жәрдемақысы қарастырылған», — делінген жауапта. Алайда жұмысшылар «орташа» деген көрсеткіш нақты қолға тиетін соманы бүркемелейді деп санайтын сияқты. Себебі маусымдық тоқырауда табыс күрт түссе, «орташа» деген статусты еңсеретіндер – кәсіпорын басшылығындағы айлығы жоғары қызметкерлер екені анық. Шын мәнінде, жұмыстың ауырлығы мен зиянын білмей, өз ойын айтқан жұмысшыларды «жалақысы жоғары екен» деп айыптай сөйлеу жалпы әкімдіктердің үйреншікті тәсіліне айналып барады. Себебі оларда халықпен тығыз әрі шынайы байланыс жоқ. Сонда Астана әкімдігі осы жерде біраздан бері жұмыс істейтін қызметкерлер «іші пысқаннан» ереуілге шықты деп ойлай ма?.. Қызық… Жарайды, әкімдік көп жалақыны көрсеткендей болып, жүргізушілер мен механизаторлардың еңбекақысын жазыпты. Ал басқа қызметкерлердің жалақысы қандай? Бұл жөнінде әкімдік неге «қуана» айтпайды? Себебі сол жұмысшылардың жалақысы төмен екені рас болып тұр…

Бұрын істі болған компания

Әкім Жеңіс Қасымбек дәл осы күні Мемлекет басшысына биыл Астанада 1 миллионнан астам көшет отырғызу, 180нен көп қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарын таныстырып, «жасыл революция» туралы жарыса қуана-қуана сөйлеп жүрген еді. Жоба бюджеттен көп миллиард теңге талап етеді, ал сол жасыл желекті отырғызып, күтіп-баптайтын жұмысшылар өздерін «арзан қол күші» сезініп отыр. Мұны Жеңіс Қасымбек қаланың басшысы ретінде жақсы біле ме екен? Жалпы бұл әкім қарапайым қызметкерлермен кездесуге бара қоймайды. Тек элиталық Тұрғын үй өртенсе ғана шауып баратын әкімнің жатақхана қртенген кезде тұрғындармен кездеспегенін бұған дейін де жазған едік.

 

Коммуналдық кәсіпорындағы әлеуметтік әділетсіздікке жемқорлық дағы да қосылып отыр. 2024 жылдың маусымында «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС бұрынғы бас директоры 15 млн теңге пара сұрады деген күдікпен қамауға алынды. Тергеу мәліметіне қарағанда, ол құқық қорғау органдарына қылмыстық істі тоқтату үшін ақша ұсынбақ болған әрі өткен жылдары көшет отырғызу жұмыстарының бағасын қолдан қымбаттатты деп айыпталды. Бұл оқиға кәсіпорын қаржысын бақылау қалай әлсірегенін көрсетті. Ал сол кезде де компания басшылығының үстінен басқарған адам Астана қаласының әкімі осы Жеңіс Қасымбек емес пе?..

Жеңіс Қасымбекте жауапкершілік бар ма өзі?

Иә, «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС 100 % коммуналдық меншікке тиесілі. Демек акционерлік жауапкершілік – тікелей қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мойнында. Еңбекақы хақында туындаған шиеленіс те, коррупциялық жанжал да басқарушы құрылымның таза емес екенін айғақтайды. «Балық басынан шіриді» деген мәтел осындайда дұрыс қолданылса керек. Қазақстанда ой еркіндігі қандай қиын мәселе болса, жұмысшының өзі ереуілге шығу үшін күрделі «рәсімдерден» өтуі керек екені өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан бейбіт жиынға қатысқандарды жауапқа тарту қаупі — өз алдына қысым құралы. Сол себепті бұл мәселеде сұрақты «Жеңіс Қасымбекте жауапкершілік бар ма өзі?» деп қойғанымыз жөн-ақ.

Ал «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС басшылық құрылымында мына адамдар отыр:

«Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС бас директоры

Михаил Валерианович Кошкин

Бас директордың техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары

Аслан Аскарович Сатин

Бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары

Гульназ Ембергеновна Рамазанова

Бас директордың көгалдандыру жөніндегі орынбасары

Гульнара Ниязбековна Сыздыкова

Қорыта айтқанда, Астананың абаттану жобалары цифрмен сәнделген әрбір көшет пен «QRкодталған талдарды» алға тартады, алайда сол ағаштарды отырғызатын, суаратын, қыста қардан қорғайтын адамдар еңбегі әлі әділ бағаланбай отыр. Егер әкімдік көзбояушылық пен шынайы әлеуметтік жауапкершілік арасында дұрыс таңдау жасай алмайтын болса, «миллион түп ағаш» ұраны жасыл сәулет емес, жасырын әлеуметтік дағдарыстың символына айналуы мүмкін. Мұны Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «құлағына» дұрыстап құйып алса екен…

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close