Жаңалықтар
Қазақстандық жазушы Әкім Тарази дүниеден өтті

Фото: ашық дереккөз
Қазақстандық жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасында дүниеден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазаға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазды qandastar.kz
Жазушы 2023 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек ері Әкім Таразидің қазасына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
“Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады”, – делінген жеделхатта.
Әкім Тарази – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері.
- «Ақбердінің ауласы»,
- «Бұлтқа салған ұясын»,
- «Тасжарған» романы,
- «Қорқау жұлдыз» романы,
- «Шер»,
- «Қиянат»,
- «Мұстафа Шоқай»,
- «Тәж»,
- «Жаңбырлы түндер» романдарының және тағы да басқа шығармалардың авторы.