Әлем жаңалықтары
“Түрмеде отырған жақсы еді”: Ресейдің атынан соғысып, тұтқынға түсіп қалған қазақстандықтар оқиғасын айтып берді

Видеодан скриншот
Ресейдің атынан соғысқа қатысып, тұтқынға түскен қазақстандықтарды Украина экстрадициялады. Алайда олардың әрі қарай тағдырып белгісіз. Десе де жігіттер соғысқа не үшін барғанын және қандай қорлыққа тап болғанын айтып берді, деп жазды qandastar.kz
. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Айран” Youtube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Наш выход» қоғамдық қозғалысы жариялаған Украина босатқан тұтқындар тізімінде Қазақстанның екі азаматы бар. Бірі – 23 жастағы Ерболат. Ол Қостанайдың тумасы екен. Сөзінше, ақша табу мақсатында Ресейге кеткен. Алайда оны соғысқа жібереді деп ойламаған.
“Халықта ақша аз. Күнкөріске әрең жетеді. Сол үшін қазақстандықтар Ресейге вахталық жұмыстарға барады. Менің анама отаға ақша керек еді. Сол себепті вахталық жұмысқа барамын дедім. Ол жақта келісімшартқа қол қойдым, олар маған ақша аударды. Мен сол ақшаны анама жібердім. Сол кезде “ВСБ”-ға (әскери қимыл) барасың” деді. Не екенін білмеймін дедім, түсіндірмеді. “Қайда жіберсе, сонда барамын” деп келістім. Анам мұның бәрін мен тұтқынға түскен кезде бір-ақ білді”, – деді Ерболат.
Ол соғыс кездегі сәтті есіне алды.
“Камекадзе ұшып түсті. Бірден – 300 адам. Жан-жаққа қаштық. Дрондар ұшып жатты, тығылдық. Бір кезде дрон командирге түсті”, – деді ол.
Екінші жігіт – 21 жастағы Шерхан. Ол Байқоңыр ғарыш айлағынан екен.
“Жазда Ресейге демалуға бардық. Достарыммен ішімдік ішіп, жастықпен бұзақылық жасадық. Жеткізушінің самокатын ұрлап, ұрдық. Бізді полицейлер ұстап алды. Бұрын-соңды ішімдік ішіп көрмеген едім. Сол үшін алкоголь қатты әсер етіп, ең масы мен болдым”, – дейді қазақстандық жігіт.
Отандасымыз түрмеге отырмау үшін осындай қадамға барғанын айтады.
“Қатты қорқып кеттім. Оған дейін құқықбұзушылық жасап көрмегенмін. Полициялық бөлімшеге де бармағанмын. Түрмеге отырмау үшін келісімшартқа қол қоюға тура келді. Туыстарыма хабарласып, кеңес сұрауым керек еді. Адвокат алмақ болғанмын. Таяқ жеп, кір-кір болып өмір бақи соғыс алаңында жүргенше, түрмеде отырған жақсы еді”, – дейді ол.
Шерхан соғысқа өз бетімен барғысы келетіндерге үндеу жолдады.
“Мен өмірімді жалғастырып, қайта оқығым келеді. ЖОО-ға түсіп, пәтер алғым келеді. Соғысқа барғысы келіп жүргендерге ойлансын дер едім. Ол ойыншық емес. Атыс-шабыс, қыл үстіндегі өмір. Бірінші күні мен жарақат алып, өлемін деп ойладым”, – деді Шерхан.
Украина тарапы қабылдап алған тұтқындарын кетуге рұқсат береді. Олар резервке тұрады. Ал Ресей айырбастап алған тұтқындарын үйіне жібермейді, тіпті жақындарымен кездесуге рұқсат бермейді екен. Мұны тұтқындарға ресейлік ерікті мәлімдеді.