Әлеумет және қоғам
«Делайте, мен үшін жастар төбелеседі»: Шерзат Болатқа қатысты сот ісінде Чика деген кім екені және оның бұйрық берген-бермегені айтылды

Фото: Куәгер Санат Әбдіқадыр және жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов
Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, марқұм бауыры Нұрқанат Ғайыпбаев пен Санат Әбдіқадыр қол алысып, бауырларының ерегісін шешкендей болған. Сол сәтте Санаттың аузынан «Мен төбелеспеймін ғой, шалмын ғой. Мен үшін жастар төбелеседі» деген сөздер шыққанын естіген, деп жазды qandastar.kz
Кейін кетіп бара жатып, Санат «делайте, жігіттер» деп айтқанын да байқаған. Ал куәгер Санат бұл айтылғандарды жоққа шығарып, бұл сөзді мүлдем айтпағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
5 мамырда Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов мен өткен аптада сот отырысында куәлік еткен Санат Әбдіқадырдың алдын ала тергеу барысындағы беттестіру видеосы көрсетілді.
Видео Санаттың 28 сәуір күні жауабынан кейін және тағы куәгерлердің сөзінен соң көрсетілді. Куәгерлердің айтуынша, дүкен алдына келген соң «Чика» әзіл аралас сөйлесіп, өзін «шалмын» деп таныстырған. Артынша дүкеннің есігін ашып, ішке кіріп «Делайте» деп достарына бұйрық берген. Осы сөзден кейін төбелес басталған. Куәгерлердің сөзінше «Чика» деп тұрғаны осы Санат Әбдіқадыр. Сотта ол қатты мазасызданып, жиі су ішкен. Жауап алу барысы 14 минутқа созылған.
Беттестіру видеосында Қаржаубай өзінің бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевпен Санат Әбдіқадыр қол беріп амандасқанын және татуласқанын көргенін айтады.
«Екеуі сөйлесіп тұрған кезде дүкеннің алдында тұрдым. Сол кезде екеуі қол берісіп жатқанда Санаттың аузынан «Мен төбелеспеймін ғой, шалмын ғой. Мен үшін жастар төбелеседі» деген әңгіме шықты. Кейін Нұрғанаттан бәрі дұрыс па деп сұрағанда бауырым бәрі жақсы деп жауап берді. Алайда кетіп бара жатқанда Санат «делайте, жігіттер» деп айтты. Сағат түнгі 00:35 еді, осы әңгімеден соң 00:40-тарда «102-ге», жедел жәрдемге хабарластым. Ешқайсысы телефон тұтқасын көтермеді. Бұдан кейін дүкеннің артқы жағында осылардың, яғни үш адамның тұрғанын көрдім. Кейін бұлар және тағы 2 қыз сыра алу үшіне дүкенге кірді. Сосын дүкеннің артында төбелес басталғанын көріп, сыра сатылмайды деп шығарып жібердім», – деді Қаржаубай.
Қаржаубай Санат Әбдіқадырдың оқиға орнында болған жігіттердің бәрін танитынын, қол алысып амандасқанын айтады.
«Балалардың арасында ең бірінші болып осы – Санат сөйлесті. Әлгі төбелеске қатысқан балалар әлі келмеген еді. Сол кезде марқұм баламның үш-төрт досы келді. Жалпы айтқанда 20-ға жуық жас балалар жүрді», – деді Қаржаубай Нұрымов.
Алайда беттестіру кезінде куәгер болған Санат Әбдіқадыр жәбірленуші Қаржаубайдың сөзін жоққа шығарып, «делайте» деген сөздің аузынан мүлдем шықпағанын айтты.