Әлем жаңалықтары
Катар Трампқа 400 миллион долларлық «ұшатын сарай» сыйға тартпақ

Фото: Ben Curtis/AP
Дональд Трамптың әкімшілігі Катар корольдік отбасынан Boeing 747-8 үлгісіндегі сән-салтанатты ұшақты сыйға алуға дайындалып жатыр. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп өз өкілеттігі аяқталғанға дейін «Борт нөмірі бірінші» ретінде қолдана алатын ұшақ, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралыStan.kz ақпарат агенттігі ABC News порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұдан кейін ұшақ Трамптың президенттік кітапханасының қорына тапсырылады. Бұл сыйлық жайлы ресми хабар Трамптың Катарға сапары кезінде, яғни оның екінші президенттік мерзіміндегі алғашқы шетелдік сапары аясында жарияланады деп күтілген. Алайда Ақ үйдің жоғары лауазымды шенеунігі қазіргі сапар барысында сыйлық табысталмайтынын нақтылады.
Жексенбі кешінде Дональд Трамп әлеуметтік желіде өзінің әкімшілігі бұл ұшақты қабылдауға дайындалып жатқанын растады және бұл үдерісті «өте ашық және айқын мәміле» деп атады. Сонымен қатар ол бұл келісім қорғаныс министрлігімен бірлесе жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Трамп бұл «ұшатын сарайды» биыл ақпанда Уэст-Палм-Бич халықаралық әуежайында тұрған кезде өз көзімен көріп шыққан. Ұшақтың ішкі көрінісі өте бай әрі сәнді безендірілгені соншалық, ол «ұшатын сарай» деген атауға ие болған.
Ақ үйдің заң кеңесшілері мен Әділет министрлігі мамандары Қорғаныс министрі Пит Хегсетке арнайы қорытынды ұсынып, Қорғаныс министрлігі бұл ұшақты сыйлық ретінде қабылдап, кейін оны Трамптың президенттік кітапханасына беруіне болады деген тұжырым жасаған. Олардың айтуынша, бұл әрекет АҚШ Конституциясындағы emoluments clause – яғни шетел билеушілерінен немесе мемлекеттерінен сыйлық алуға тыйым салатын тармақты бұзбайды және парақорлыққа қарсы заңдарға қайшы келмейді.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт ABC News агенттігіне пікір білдірді.
«Кез келген шетел мемлекетінің сыйлығы қолданыстағы барлық заңға толықтай сәйкес түрде қабылданады», – деп түсіндірді баспасөз хатшысы.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы ХҚКО-да ресейлік продюсерге көрсетілген құрмет желідегілерді ашуландырды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі ресейлік продюсер Яна Рудковскаяның Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) келгені туралы жазба жариялады. Жарияланған видеодан Рудковскаяны мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтің өзі жеке қарсы алғанын көруге болады.