Жаңалықтар
Қазақстанның оңтүстігі мен батысына құрғақшылық қаупі төніп тұр

«Қазгидромет» алдағы маусымда Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшылығында құрғақшылық болуы мүмкін екенін болжады. Осыған байланысты Үкімет отырысында су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов өңірлер әкімдіктерін, ауыл шаруашылығы министрлігін, бассейндік инспекциялар мен «Қазсушар» филиалдарын шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Бұл туралы qandastar.kz сайты хабарлады.
Құрғақшылық бойынша болжамдар Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның және Солтүстік Еуразиялық климаттық орталықтың деректерімен расталады. Құрғақшылықтың болу кезеңі мамырдан шілдеге дейін.
Қауіптер бірінші кезекте Жайық және Сырдария өзендерінің бассейндеріне төніп тұр. Бұл аграрлық сектор үшін елеулі қиындықтар туғызуы мүмкін.
«Ылғал тапшылығының салдарын барынша азайтуға бағытталған жедел шаралар кешенін пысықтау қажет», – деді Нұржігітов.
Түркістан және Қызылорда облыстары ерекше алаңдаушылық туғызуда. Министрдің айтуынша, 6 мамырдағы жағдай бойынша бұл бассейндегі су қоймаларының орташа толу деңгейі небәрі 75% құрайды.