Әлем жаңалықтары
Сарапшылар аң-таң: Мұнай өндірісі артқанына қарамастан «қара алтынның» экспорты 21%-ға қысқарған

Фото: pixabay
«2025 жылдың І-тоқсанында Қазақстанның тауарларының экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ға қысқарды, ал импорт 0,3%-ға шамалы өсті. Мұнай өндіру көлемі артқанына қарамастан, мұнай экспорты күтпеген жағдайда қысқарған. Бұл қайшылықтың себеп-салдарына қатысты, әзірге ресми түрде әлі ешкім түсініктеме бермеді». Halyk Finance сарапшылары дайындаған зерттеуде осылай делінеді, деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
«2025 жылдың І-тоқсанында темір кендерінің экспорты әлемдік нарықтағы ұсыныстың көптігінен төмендеп кетті. Жекелеген жартылай дайын өнімдер мен ауыл шаруашылығы тауарлары экспортының өсімі төмендеген жалпы көрсеткішті өтеуге жеткіліксіз. Импорттың тұрақтылығы жағдайында бұл сыртқы сауда профицитінің қысқаруына әкеліп соқты», — дейді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Айдос Тайбекұлы.
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың І тоқсанында тауар экспорты былтырғы 18,5 млрд-тан 16,3 млрд долларға дейін төмендеген (–13,4%). Halyk Finance-тың есептеуі бойынша шикізат экспорты 14,4%-ға (15,0 млрд-тан 12,8 млрд доллаға дейін), аралық өнім экспорты 6,7%-ға ($1,7 млрд-тан $1,6 млрд-қа) қысқарғанымен, дайын өнім экспорты, керісінше 4,2%-ға, яғни $1,7 млрд-тан $1,8 млрд-қа дейін өскен.
«Мұнай өндірісі көлемінің артуына қарамастан мұнай жеткізу көлемі де (–14,0%), ақшалай түсімі де (–21,2%) қысқарған. Алайда «ҚазМұнайГаздағы» өндіру көлемі, соның ішінде Теңіз кенішіндегі қуаттардың кеңеюіне байланысты 5,8%-ға артқан. Әдетте, мұндай жағдайда өндірістің өсімі экспорттың ұлғаюымен қатар жүруі тиіс еді. Бірақ бұл қайшылыққа қатысты біз ресми түсініктеме таппадық», — дейді сарапшы.
Темір кені мен металлдар әлемдік нарықтағы баға қысымына байланысты төмендеді. Минералдық шикізат пен рудалар экспорты жылына 5%-ға, металдың бастапқы өңделген өнімдері экспорты 11%-ға азайған.
Әлемдік нарықта темір кеніне деген сұраныстың төмендеуі мен ұсыныстың артуынан, Қазақстаннан экспортталған темір кенінен түсетін ақша 30%-ға (154 млн доллар), ал нақты көлемде 21%-ға қысқарған. Ал мыс кенінің экспорты көлемдік тұрғыдан 9%-ға төмендегенімен, ақшалай көрсеткіште 1%-ға өскен. Ауыл шаруашылығы шикізатының экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда 40%-ға өскенімен, оның жалпы экспорттағы үлесі ($747 млн) аз болғандықтан, жалпы жағдайға айтарлықтай әсер етпеді. Бұл өсім, көбінесе 2023 жылғы төмен түсімнен кейінгі қалпына келу жағдайымен байланысты.
«Аралық тауарлар санатында ядролық отынға арналған жартылай өнім экспортының айтарлықтай азайғаны байқалады: ақшалай түрде –84%-ға, нақты көлемде –80%-ға. Мұның себебі, өткен жылы туындаған технологиялық компоненттердің тапшылығына байланысты болуы мүмкін. Дегенмен металл прокатының экспорты 9%-ға ($446 млн-ға дейін), сондай-ақ өсімдік майлары, майлар мен мал азығы сияқты жартылай фабрикаттардың экспорты 80%-ға ($351 млн-ға дейін) өсті», — дейді Айдос Тайбекұлы.
Шикізат экспортына темір рудалары, минералдар, энергетикалық ресурстар (ТН ВЭД 25, 26, 27), темір кенінің қарапайым өңделген өнімдері, өңделмеген ауыл шаруашылығы өнімдері және өңделмеген бағалы металдар мен минералдар жатады.
Машина жасау саласы мен зергерлік бұйымдардың өсімі ұлғайып, машиналар мен жабдықтар экспорты 12,9%-ға ($415 млн-ға дейін) артқан. Алайда іштен жанатын қозғалтқыш сияқты тауарлардың бір бөлігі Ресейге бағытталған реэкспорт болуы мүмкін. Зергерлік бұйымдардың экспорты да 18,9%-ға ($244 млн-ға дейін) артты.
2025 жылдың І тоқсанында импорт көлемі $12,9 млрд құрап, былтырғы көрсеткіштен 0,3%-ға ғана жоғары болды. Импорт құрылымында дайын өнімнің үлесі былтырғы 76,8%-дан биыл 77,2%-ға дейін ұлғайып, керісінше шикізаттың үлесі төмендеген.
Бұл импорт құрылымының әлі де дайын өнімге бағдарланғанын көрсетеді. Қытайдан келетін импорт көлемі 10%-ға азайғанымен, Ресей импорты 4,3%-ға артып, бұған дейінгі төмендеу тенденциясын бұзды. Тоқсан соңында Ресейдің импорттағы үлесі 29,1%, Қытайдың үлесі 26,8% болды. Ал осыған дейінгі екі айдың қорытындысы бойынша Қытай алғаш рет Ресейдің орнын басып, импорттық тауарлардың ең ірі жеткізушісіне айналған болатын (үлесі 28,8%).
«Сауда балансының профициті экспорттың төмендеуі есебінен жылдық мәнде 39%-ға ($5,6 млрд-тан $3,4 млрд-қа дейін) азайды. Биылғы алғашқы екі айда бұл көрсеткіш 36%-ға төмендеген еді. Біздің саралауымыз бойынша, шикізаттық емес сауда балансы тапшылық күйінде қалып отыр және былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сәл нашарлап, -8,1 млрд доллардан -8,2 млрд долларға дейін жетті», — дейді Айдос Тайбекұлы.
Бұған дейін сайтымызда «2025 жылғы инвестиция өсімі немесе сарапшылар Үкімет есебінен томпақ тұсты анықтады» деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ «Алты ел теріс айналды». Мұнайды бұрқыратып өндіріп жатқан Қазақстан күтпеген жағдайға тап болды» деген мақаланы да бізден оқи аласыздар.