Жаңалықтар
Зейнетақы қоры маңызды хабарлама жасады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры соңғы кезде интернеттегі алаяқтық жиілеп кеткенін мәлімдеді. Сонымен қатар салымшыларға бірқатар ескерту жұмыстарын жасады, деп хабарлайды qandastar.kz
Ресми ақпарат жеке кабинеті немесе қордың ресми сайтында жарияланады. Қор жеке мәліметтерді сұрамайды
БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше алаяқтар өздерін мемлекеттік органдардың немесе қаржы ұйымдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге тырысады.
Қор қызметкерлері телефон арқылы қоңырау шалмайды. ЖСН, жеке куәлік нөмірі, SMS растау кодтары, қолданбалар мен басқа қызметтердің құпия сөздері туралы мәліметтерді беруіңізді өтінбейді, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ зейнетақы қорының мамандары телефон арқылы ықтимал күдікті әрекеттер немесе «қаражатты бұғаттау» қажеттігі жайлы айтпайды.
Ал кез келген ресми ақпаратты салымшының жеке кабинеті немесе қордың ресми сайтынан алуға болады. Салымшы қор филиалына да өзі барып, қажетті ақпаратты сұрай алады.
Алданып қалмау үшін не істеу керек
Қауіпсіздік шаралары:
телефон шалғандар өзін «БЖЗҚ» АҚ немесе мемлекеттік құрылымдардың қызметкері ретінде таныстырса да, құпия деректерді айтпау;
түскен ақпараттың дұрыстығын ресми дереккөздер (www.enpf.kz сайты, 1418 байланыс орталығы) арқылы тексеру;
күмәнді қоңыраулар немесе хабарламалар түскен жағдайда байланысты дереу үзіп, алаяқтық әрекет туралы құқық қорғау органдарына хабарлау.