Жаңалықтар
Қолымен жылан ұстаған 85 жастағы әже жұртты таңқалдырды

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада 85 жастағы кейуана үйінің ауласында жүрген жыланды қорықпай қолымен ұстап, оны қауіпсіз жерге алып шыққаны көрсетілген. Бұл ерекше оқиға желі қолданушыларын таңғалдырды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Бейнежазбаны жариялаған jamiko_begalyqyzy есімді қолданушының айтуынша, ержүрек кейуана – Ұлы Отан соғысының батыры Қарсыбай Спатаевтың жалғыз қызы екен.
«Руы да, өзі де – батыр», – деп жазды автор.
Жазбаға «Апаның сергек жүрісі мен қорықпай әрекет еткені байқалады», «Қолына таяқ та алмастан жыланды еш қиналмай ұстап алғаны көрінеді», «Жасөспірімдер мен көршілер бұл көрініске таңданысын жасыра алмаған» деген пікірдер жазылған.
Пікір қалдырғандар арасында:
- «Мұндай батыр аналар сирек кездеседі»;
- «Қанмен келген батырлық бұл»
- «Жүрегі темірден соғылғандай» – деген сөздер жазылған
Кейуана – Қарсыбай Спатаевтың қызы. Ұлы Отан соғысының қаһарманы Спатаев ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Оның ұрпағы да елдің ерлігі мен батырлығын жалғастырып келе жатқанын дәлелдегендей болды.