Жаңалықтар

Бишімбаев 1,6 миллион теңге мөлшеріндегі алиментті қайта қарауды сұрап, сотқа арыз берді

Фото: Жоғарғы сот

Қуандық Бишімбаев балаларына төлейтін 1,6 миллион теңге мөлшеріндегі алиментті қайта қарауды сұраған. Сот оның алимент көлемін қысқарту туралы арызын қанағаттандырудан бас тартты, деп жазды

Себебі ол өзіне тиесілі мүлікті басқаларға жазып берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қуандық Бишімбаевтың алимент төлеу туралы нотариаттық келісімнің талаптарын өзгерту туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.

2020 жылы бұрынғы ерлі-зайыпты арасында нотариаттық келісім жасалған, оның шарттары бойынша әкесі кәмелетке толмаған үш балаға әр айдың 20-күніне дейін ай сайын 1,6 млн теңге мөлшерінде алимент төлеуге міндеттелген.

Бишімбаев алимент мөлшерін азайту арқылы аталған келісімді өзгертуді сұрады. Оған түрмеде отыруы және жұмысқа орналаспағаны себеп болған.

Сондай-ақ талап қоюшы келісімнен келесілерге қатысты ережелерді алып тастауды сұрады:

— балаларды ақылы оқу орнында оқытуға, оның ішінде олар кәмелетке толғаннан кейін қосымша шығыстарды төлеу;

— балаларды медициналық тексеруге және емдеуге байланысты шығындар;

— тұру, тамақтану, сақтандыру, көлік және басқа да шығындарды қоса алғанда, Қазақстанда да, шетелде де балалардың демалысын жылына кемінде бір рет төлеу міндеттемелері.

Істің материалдарын қарағаннан кейін сот алимент төлеу туралы нотариаттық келісімге өзгерістер енгізу үшін заңды негіздердің жоқтығы туралы қорытындыға келді.

Сот Бишімбаевтың 2024 жылдың тамызында сыйға тарту шарттары бойынша өзіне тиесілі мүлікті үшінші тұлғаларға беру арқылы материалдық жағдайын әдейі нашарлатқанын анықтады.

“Бұл ретте, оның ұзақ мерзімге сотталғанын және келісімді көзделген көлемде орындауға мүмкіндігі жоқ екенін ескере отырып, өзіне тиесілі мүлік есебінен міндеттемелерді орындауға нақты мүмкіндігі болған. Бұл жағдайларды сот талап қоюшының жосықсыз әрекеті деп санайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ата-аналардың екеуі де балаларын күтіп-бағуға, тәрбиелеуге және дамытуға бірдей жауапты. Еңбекке қабілетті ата-аналар соттылығының немесе өзге де мән-жайлардың болуына қарамастан, көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған балаларды асырауға міндетті”, – делінген сот хабарламасында.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін ескере отырып, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, Қуандық Бишімбаевтың төрт баласы бар:

  • Бірінші некесінен туған үлкен ұлы – Аль-Искандер (2000 жылы туған).

  • Екінші әйелі болған Назым Қаһарманнан екі ұл (Мансұр, 2009 жылы туған; Карим, 2011 жылы туған) және бір қызы (Рания, 2013 жылы туған) бар.

  • Еске салайық, бұған дейін Назым Қаһарман 30 наурызда Қуандықтың адвокаты хабарласып, оның анасы алименттер мен басқа міндеттемелерді төлеуден бас тартқанын жеткізген. Себебі бұрынғы атасында балалардан басқа шығындар да болған. Сонымен қатар балалар ата-әжесімен тығыз қарым-қатынаста емес екенін атап өткен.

    Сонымен қатар 31 жастағы Салтанат Нүкенова 2023 жылғы 9 қарашада жұбайы, Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты. Ерекше қатыгездікпен жасалған бұл кісі өлтіру мен азаптаулар үшін Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close