Жаңалықтар
Мейрамханаға қонақ шақырып, туған күнін тойлатқан тұрғын жауапқа тартылды

Душанбе қаласының тұрғыны Дилноза Гаибова Тәжікстан Республикасының «Дәстүрлерді, салтанаттарды және рәсімдерді реттеу туралы» Заңының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Душанбе қаласы Ішкі істер министрлігі басқармасы хабарлады.
ІІМ басқармасының мәліметінше, елорда тұрғыны қаладағы мейрамханалардың бірінде туған күнін атап өтіп, көп қонақ шақырған. Бұл әрекет қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді. Заңға сәйкес, туған күн отбасы аясында және артық шығынсыз өткізілуге тиіс.
Құқықбұзушылық фактісін ІІМ-нің қылмыстық іздестіру бөлімі қызметкерлері анықтаған. Гаибоваға қатысты Тәжікстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 482-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жолданып, тиісті шешім қабылданатын болады.