Жаңалықтар

ҚМГ басшысы жол битумын өндіретін «Caspi Bitum» бірлескен кәсіпорын зауытына барды

29 шілдеде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі — ҚМГ) Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау облысына жұмыс сапарында «Caspi Bitum» БК ЖШС барды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол құрылысы үшін қажетті материалдардың жетіспеушілігі жасанды және жол битумы саласындағы отандық өндірістің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр, — деп мәлімдеген.

«Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны тіпті қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді», — деп айтқан ҚР Президенті жолдарды сапалы салу үшін жергілікті ресурстарды белсенді пайдалануға шақырған.

Жол битумын өндіру бойынша Ақтау «Caspi Bitum» зауыты 2013 жылы пайдалануға берілді. Мұнай өңдеуде жобалық жылдық қуаты миллион тонна.
Қаражанбас кен орнынан алынатын ерекше мұнайды қайта өңдеу арқылы ТМД елдеріндегі ең үздіктің бірі және жоғары сапалы жол битумын өндіруге мүмкіндік береді. Өткен жылы зауытта жаңғыртулар жүргізіліп, тотыққан битум өндіру бойынша қуаты ұлғайды.

Зауыт тасымалдау және сақтау кезінде битумның жоғары сапасын сақтайтын биг-бегте өлшеп оралған битумды, сондай-ақ жоғары және төмен температураларға икемділік пен төзімділіктің жақсартылған сипаттамаларына ие түрлендірілген битум сияқты инновациялық өнімдерді өндіреді.
Дайын өнім шығару көлеміне келетін болсақ, 2021 жылы зауыт 400 мың тоннадан астам битум шығарды, ал 2022 жылдың басынан бастап зауыттан 240 мың тоннаға жуық жоғары сапалы жол битум жөнелтілді.

Сапар барысында «ҚазМұнайГаз» басшысы зауыт қуатын 1,5 есеге арттыру процесін жеделдетуді және қысқа мерзімде бұл мәселені ЖШС пен ҚМГ тиісті органдарының қарауына шығаруды тапсырды.

«Қазіргі уақытта Ақтау битум зауытының мұнай өңдеу көлемін жылына 1 миллионнан 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірістік. Бұл жоба кәсіпорындағы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деп баяндады Бас директордың міндетін атқарушы Атымтай Балтабаев.

Сондай-ақ, М.Мырзағалиев маусымаралық кезеңде өлшеп оралған битумды одан әрі іске асыруды ұйымдастыруды тапсырды және өндірістік көрсеткіштерді көтере отырып, өндірістегі әлеуметтік тұрақтылыққа қамқорлық жасау, еңбек жағдайларын және жұмыскерлердің әл-ауқатының деңгейін жақсарту, кәсіпорынның өңірдегі әлеуметтік маңыздылығын арттыру аса маңызды екенін атап өтті.

Анықтама:

Зауыт дүниежүзінің кез-келген нүктесіне тасымалдау кезінде түпнұсқалық сапаны сақтап қалуға мүмкіндік беретін оралған битумдарды, әсіресе үлкен пакеттерде шығару қарқынын арттыруды жалғастыруда. Ақтау зауытының битумы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассасын қоса алғанда, еліміздің барлық стратегиялық автожолдарының құрылысы кезінде қолданылды. Сондай-ақ, зауыт өнім сапасын, технологиялық сызбаларды арттыру, бизнес-процестерді жетілдіру бағытында үздіксіз жұмыс істеуде.

2022 жылдың көктемінде «Caspi Bitum» БК ЖШС халықаралық менеджмент жүйесіндегі ISO 55001:2014 стандарттарының талаптарына сәйкестік сертификаты расталды.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close