Жаңалықтар

Депутаттар каникулға шықты

Фото: Мәжіліс

Депуттаттар парламенттің сегізінші шақырылымының үшінші сессиясын аяқтап, каникулға кетті, деп жазды qandastar.kz

Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың жұмыс қорытындысын шығарды.

Сессия барысында парламент қарауында 158 заң жобасы болса, оның ішінде 89 заң қабылданған. Олардың ішінде – амнистия туралы заң, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң, Қылмыстық кодекске, сондай-ақ Салық, Бюджет және Су кодекстеріне енгізілген түзетулер бар.

«Енді палата мүшелері заң жобаларын қарап қана қоймай, бұрын қабылданған заңдар жергілікті жерлерде қалай жүзеге асып жатқанын да зерттеп-зерделейді», – деді мәжіліс төрағасы.

Келесі сессияда депутаттар Құрылыс кодексі, құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банктер мен банк қызметі туралы және басқа да заң жобаларын қарауға тиіс.

Айта кетейік, жыл сайын маусым айының соңында парламент сессия қорытындысын шығарып, депутаттар қыркүйекке дейін каникулға кетеді. Каникул кезінде депутаттар өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесулер өткізеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button