Қаржы және төлемдер
Перизат Қайрат ісі сотқа жолданды

Фото:BAQ.KZ
Волонтер Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz BAQ.KZ тілшісіне сілтеме жасап.
Бас прокуратура Перизат Қайратқа және Гайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жіберді.
Бұл адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан астам теңгені жымқыруды деп айыпталып отыр.
ҚМА өкілі атағандай, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.