Жаңалықтар
“Би билейтін емес, ой ойлайтын уақыт”. Аймағамбетов тренд қуып, рилс түсіретін мұғалімдерді сынға алды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Adal Adam YouTube арнасына сұхбат беріп, тренд қуып, рилс түсіретін мұғалімдерді сынға алып, оқушы тәрбиесіне қатысты ұстанымын ашып айтты, деп жазады Qandastar.kz
“Өзімнің балам мектепте оқиды. Ресми түрде мектепке “Менің балам оқитын сыныпты ешқандай рилсқа түсірмейсіздер” деп жаздым. Мен оған қарсымын. Оларға рұқсат еткен жоқпын. Өйткені оның бейнесі өзінің жеке құқығы. Бұл біздің Азаматтық кодексте бекітілген. Қазіргі фейк, дипфейк, жасанды интеллект дамыған заманда адамның суретін алып, оны түрлі мақсатта пайдалануға болады. Сондықтан қазір “date” деп аталатын ақпарат өте құнды. Ол жаңа мұнай. Ал біз келеміз де балалардың бейнесін, ақпаратын бүкіл жерге “Мына жерде мен мынаны өткізіп жатырмын” деп салып жібереміз. Формальді болып кетпеу керек. Бұл жерде баланс болуы керек. Егер балаларды желіге жарияласаң, ондай да жағдайдар болады. Конкурстар болады және т.б. басқа. Біріншіден, оның өзінің рұқсаты болуы керек. Екіншіден, оның артында не тұр? Онда қандай тәуекелдер бар екенін сен түсінуің керек. Үшіншіден, оның барлығы міндетті формальді болмауы керек”,- деді Асхат Аймағамбетов.
Мәжіліс депутатының айтуынша, би билейтін емес, ой ойлайтын заманда мұғалімдер рилс түсіруді емес, оқушыға өнеге көрсетіп, білім беруді бірінші орынға қою керек.
“Мысалы, мен өзімнің әлеуметтік желілерімді өзім жүргіземін. Сол рилсқа монтаж жасап, оны кесіп, дұрыстап салуға қанша уақыт кетеді. Ал мұғалімдердің уақыты бірінші кезекте қайда жұмсалуы керек? Баланы үйрету керек. Балаға білім беру керек. Сондықтан бұл жерде менің ойымша дұрыс бағытты табу керек. Балалардың жүрегің әрқалай жаулап алуға болады. Бір толқында боламын деп баланың істегенін істеп, қасында секіріп жүрсең одан үлкен абырой тауып, содан бала ақылды болып кетіп, содан бала сені тыңдайды деген мәселеге мен толығымен келісе алмаймын. Өйткені бізде педагогика деген ғылым бар. Баламен қалай жұмыс істеу керек оның барлығы да зерттелген. Міне, сол ғылыми тұжырымдамалардың шеңберінде жұмыс істесең, балаға дұрыс білім берсең, оған мотивация бере білу қажет. Оның барлығы зерттеліп, бізде университетте берілген. Менің ойымша, осы жұмысты сапалы ұйымдастыру керек. Бізде мұғалімдердің этикасы бойынша арнайы бұйрық бар. Кезінде мен оған қол қойғанмын. Сол бұйрыққа керек болатын болса барлық мәселені негізі реттеуге болады. Бірақ көбінесе министрліктің реттеуі ғана емес, бірінші кезекте ішкі реттеу болуы керек. Ішкі құндылықтар, ішкі мәдениет…Министрлік қашан бізге келіп бірденені түзеп береді деп айтуымызға болмайды. Министрліктің проблемалары онсыз да көп. Алдында тұрған үлкен мақсаттары бар. Министрлік біраз жұмыс жасап жатыр. Біз соның барлығын министрлікке ысырып қоюды, бір кінәліні табуды жақсы көреміз ғой. Бірақ бұл жерде ішкі мәдениет, өзіміздің ішкі түсінігімізге байланысты. Әрине егер ол рилстар мыңдаған лайктар жинап жатса бәрі түсінеді. Лайк жинап, ешкім оған әй демесе, қой демесе, басқалары да солай болуы керек екен ғой деп, танымал болайық деп басқалары бастайды. Егер Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін айту керек болса, онда тұрған ешнәрсе жоқ. Ал басқасын біз көріп жатырмыз ғой… Оған мен келісімімді бермеймін. Билемеймін. Қазір бізде билейтіндер көп. Бәрі билеп жатыр. Шетінен биші. Той тойлайтын емес, би билейтін емес, ой ойлайтын уақыт. Педагогика жағынан көп жұмыс жүргізуіміз керек. Сапасы, мазмұны жағынан… Әрине, сіздер айтып отырған мәселелерде тез көзге түсесің, тез көрсетесің, ал мазмұн бойынша жұмыс істесең оны тез бағаламайды. Тез көрінбейді. Бірақ ол өте бағалы, өте құнды”,- деді Мәжіліс депутаты.