Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
«Құлдық емес, алаяқтық»: СІМ қазақстандықтарды өз еркімен тұзаққа түсіп жатыр деп сынға алды

ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров қазақстандықтардың Оңтүстік-Шығыс Азияда «құлдыққа түсіп жатыр» деген ақпараттарға нүкте қойды, деп жазады qandastar.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл құлдық емес, алаяқтықтың құрбаны болу жағдайлары.
«Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қазақстандықтар құлдыққа түсіп жатыр деген ақпараттар тарап жүр ғой. Оның бәрін тексердік. Өйткені соңғы екі жылда көбейіп кетті. Бірақ бұл ешқандай да құлдық емес. Бұл тек қана алаяқтық», – деді ол.
Смадияровтың сөзінше, сол аймақтарда интернет, колл-орталық сияқты алаяқтардың заңсыз ұйымдары жұмыс істейді. Олар жұмысқа жоғары жалақы ұсынып, қазақстандықтарды тартқаннан кейін, біраз уақыттан соң адамдар не істерін білмей қалады.
«Айлықтары жоғары, бір жылдай жұмыс істеп, ақшаларын жинап алады да сосын не істерін білмей, консулға звондайды: “Ойбай, маған көмектесіңіздер, мені шығарыңыздар”, – дейді. Біз барып көмектесеміз. Олар елге келеді, құжаттарын ауыстырады, қайтадан барады ақша жасауға», – дейді ресми өкіл.
Министрлік соңғы жылдары мұндай фактілердің көбейгенін атап өтіп, жергілікті билік, Қытай және БҰҰ-мен бірлесіп алаяқтық синдикаттарға қарсы күрес жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Сол елдердің биліктерімен, Қытайдың билігімен, БҰҰ-мен бірігіп, халықаралық синдикаттарға қарсы күресіп жатырмыз. Жақында Камбоджа мен Лаоста бірнеше Қытай азаматы ұсталып, елдеріне қайтарылды. Өйткені көбіне солар алаяқтық компанияларды басқарады», – деп мәлімдеді ол.
Айбек Смадияров қазақстандықтардың бұл ұйымдарға біле тұра баратынын, олардың жоғары білімі мен тілі бар екенін де атап өтті.
«Оны білмейді, сана-сезімі төмен деп айтуға болмайды. Білмесе екі тіл меңгерген, жоғары білімі бар. Сондықтан ешқандай да құлдық жоқ», – деп түйіндеді министрлік өкілі.