Жаңалықтар

Астана – Бурабай бағытында жаңа электр пойызы іске қосылды

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Астана – Бурабай курорты бағыты бойынша қатынайтын жаңа буындағы Burabay Express №888/887 электр пойызын таныстырды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Заманауи құрам Петропавл қаласындағы отандық «ЗИКСТО» ЖШС зауытында өндірілген және халықаралық стандарттарға толық сай келеді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақын арада Burabay Express жолаушыларына жоғары жылдамдықты интернет пен борттағы тағамдар ұсынылатын болады. Жаңа қызмет көрсету форматы жолақы мен тамақ үшін қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігін қарастырады – онлайн және жолда банк картасы арқылы төлеуге болады.

«Бұл жолаушыларға жол бойында байланыста болуға, фильм көруге, жұмыс істеуге, жақындарымен сөйлесуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті компания өкілдері.

Елордадан Қазақстандағы ең танымал туристік бағыттардың бірі – Бурабайға дейінгі сапар небәрі 2,5 сағатты алады. Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға Астананың екі теміржол вокзалынан отыру мүмкіндігін және курорт аймағындағы қонақүйлердің келу-кету уақытына ыңғайлы кесте ұсынады.

Burabay Express аптасына бес рет қатынайды. Бұл бағытқа билеттерді жолаушылар алғаш рет пойыз жөнелтілетін күннен 45 күн бұрын сатып ала алады. Жолаушы тасымалының құны: бірінші класта – 5 805 теңге, екінші класта – 3 586 теңге, үшінші класта – 2 962 теңге.

Электр пойызы Астанадан таңғы сағат 11:00-де шығып, Бурабайға сағат 13:35-те жетеді, ал кері бағытта Бурабай курортынан сағат 14:15-те шығып, елордаға сағат 17:00-де келеді.

Электр пойыздың қала маңына қатынайтын құрамы алты вагоннан тұрады. Онда ауа баптау жүйесі орнатылған, үш түрлі жайлы қызмет көрсету класы қарастырылған және барлығы 374 орын бар.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері жаңа құрамды іске қосу – қала маңындағы тасымалды дамытудың, қызмет сапасын арттырудың, инновацияларды енгізудің және көлік қызметтерінің халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз етудің кезекті қадамы екенін атап өтті.

«Вагон паркын жаңарту – Ұлттық тасымалдаушының басты стратегиялық міндеті», – деп түйіндеді баспасөз қызметі.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close