Әлеумет және қоғамЖаңалықтар
«Кешірім сұраймын»: «Ұрығы жоқ» деген дәрігер Елдос «Колобоктан» кешірім сұрады

Фото: видеодан скриншот
«Экомед» клиникалар желісінің негізін қалаушы репродуктолог Салтанат Байқошқарованың сіңілісі Перизат Байқошқарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әзілкеш Елдоспен әйелінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұған дейін Перизат Байқошқарованың «Елдостың ұрығы болмаған» деп айтқаны желіде тарап, Елдос пен жұбайы өз реніштерін білдірген еді.
«Айналайын Елдос, Таңшолпан! Сіздердің қол жеткізген нәтижелеріңізге бүкіл ел қуанып жатыр. Астана қаласындағы клиникамызға, сондай-ақ Алмаз Құрманәлиұлы мен Азамат Сандыбайұлына үлкен алғыс айтып жатқандарыңызға шын жүректен ризамыз. Басқа елдерде ота жасалып, нәтиже болмай жатса да, Астанадағы орталықта сәтті ота жасалып, ұрық табылып, эмбрион дайындалып, жүктілікке қол жеткіздік. Одан бөлек, қалған биоматериал да арнайы сақтаулы тұр.
Осындай керемет нәтижелерге себепкер болған ең озық технологияларды барша халыққа қолжетімді ету мақсатында, басшыларымыз Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Атырау қалаларындағы орталықтарға қойды.
Мен тек осыны жеткізгім келген еді.
Алайда айтылған бір ауыз сөзім кейбір жүректерге ауыр тигенін естіп, жүрегім алаң. Бұл сөз ешкімді ренжіту үшін емес, керісінше, үміт сыйлау үшін айтылған еді…
Иә, Елдос бауырым бұрынырақ хабарласқан. Ол кезде, өкінішке қарай, бізде ондай технология болмаған. Ал бүгінгі таңда — бар.
Бұл — менің жеке пікірім. Елдос дұрыс айтты: “Бәрі дәрігер емес.” Ал мен де журналист емеспін. Сондықтан кей сөздерім бұрмаланып, толық жеткізілмеген болуы мүмкін. Соған шын жүректен кешірім сұраймын.
Елдос пен Таңшолпаннан, сондай-ақ барша Қазақ елінен кешірім сұрай отырып, осы видеомен арада туындаған түсініспеушілікке нүкте қоюды жөн көрдім.
Таңшолпан аман-есен жеңілдеп, Елдос екеуі көптен күткен өз сәбилерін құшағына алып, шаңырақтарында үлкен қуаныш тойы болсын деп шын жүректен тілектеспін! Бұл – жүректен шыққан үндеу.
Қабыл алсаңыздар – рақмет.
Жүрекпен түсінсеңіздер – мың алғыс», — деп жазды ол.