Жаңалықтар
Ресейлік саясаткерлер Тоқаевтың саясаты туралы айта бастады

Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясат бағыты әлемдік аренада өз орнын нығайтып, елдің халықаралық қатынастарында салмақты әрі тұрақты рөл атқаруда. Мұны ресейлік саясаттанушы Виталий Млечин Газета.ru сайтындағы мақалада атап өтті, деп жазады qandastar.kz.
Млечиннің айтуынша, Тоқаев — сыртқы істерде нақты әрі салиқалы саясат жүргізетін көшбасшы. Оның саясаты салмақты, болжамды және көпвекторлы сипатқа ие. Сонымен қатар, Тоқаев Берлинде жасаған мәлімдемесінде Қазақстанның Ресеймен тығыз ынтымақтастық орнатуын жалғастыратынын, елде “антиресейшілдік” ахуал жоқтығын алға тартқанын айқан.
Сарапшы Тоқаевтың “Қазақстанда азаматтар жеке қарым-қатынаста қандай тілде сөйлеу керектігін өз еркімен таңдауы тиіс, ешкім оларға бұл мәселеде қысым көрсетпеуі қажет” деген тілге қатысты ұстанымын да алға шығарады.
Сондай-ақ саяси сарапшы Константин Калачев Қазақстанның көпвекторлы саясатының мәнін түсіндіріп, ол елдің стратегиялық одақтастарымен қарым-қатынасында ешқандай қарама-қайшылық туғызбайтынын атап өткен. Калачевтің айтуынша, Қазақстан халықаралық аренада өз тәуелсіздігін сақтай отырып, Ресеймен әрі басқа да елдермен тұрақты әрі сенімді серіктестік орнатып отыр.
Ал саясаткер, Қазақстан-Ресей баспасөз орталығының сарапшысы Андрей Выползов ғаламторда кейде Астананы “серіктестік жолынан тайып, Батысқа жақындап бара жатыр” деп айыптайтын мақалалар шығып жүргенін айтты. Бірақ ол бұл пікірлердің шындыққа сай келмейтінін жеткізді.
Қорытындылай келе, ресейлік сарапшылар Қазақстанның сыртқы саясатында жағымды ахуал қалыптасқанын, елдің стратегиялық серіктестіктері мен одақтастық міндеттеріне беріктігін сөз еткен.