Әлем жаңалықтары
Қазақ көкпары 2026 жылы Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойындарынан шеттетілді

фото: Көшпенділер ойындарының дирекциясы
2026 жылы өтетін Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарының ресми бағдарламасына көкпар енгізілген жоқ, деп хабарлайды qandastar.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы Айбек Абдымомуновтың айтуынша, биыл тек көкбөрі ойыны өтеді. Сонымен қатар жарыс форматына өзгерістер енгізілген.
Көшпенділер ойындары тарихында тұңғыш рет клубтық жүйе енгізіледі — енді ұлттық құрамалар емес, түрлі елдерден жиналған ойыншылардан құралған клубтар өзара бақ сынайды.
«Клубтардың құрамында әр елден бір-бір спортшы болады. Жеребе арқылы құрылған бұл аралас командаларда, мысалы, Манас Ниязов Қазақстан, Өзбекстан және Венгрия ойыншыларымен бірге бір командада ойнауы мүмкін. Осылайша, біз көкбөріні саяси астарсыз дамытуға мүмкіндік береміз», – деді Абдымомунов.
Көкбөрі — Көшпенділер ойындарының көрерменді көп жинайтын негізгі спорт түрлерінің бірі. Бұл жарыста Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары үнемі басты қарсылас ретінде кездесіп келген.
Көкпардың бағдарламаға енбей қалуы — бұрыннан келе жатқан келіспеушіліктің салдары.
- 2014 жылғы алғашқы ойындарға Қазақстан көкпар құрамасы қатысқан жоқ.
- 2016 жылы финалда Қазақстан Қырғызстаннан 3:15 есебімен жеңілді.
- 2018 жылы Қазақстан ұйымдастырушылардың талаптарды орындамағанын алға тартып, жарысқа қатысудан бас тартты. Нақтырақ айтқанда, көкпар қазақ ережесімен емес, тайқазан орнына шеңбер қолданылған көкбөрі ережесімен өтті.
Ол кезде бұл мәліметті Қазақстан Көкпар федерациясының президенті Ерлен Оспанов растаған. Жергілікті баспасөзге берген оның сұхбаты көпшілік арасында қызу пікірталас туғызды.
Айта кетейік, 2013 жылдан бастап Қазақстанда көкпарды дамытуға ерекше мән беріліп, Азия чемпионаты (2013) және Әлем чемпионаты (2018) өткізілген.
2022 жылы Түркияда өткен Көшпенділер ойындарында бастапқыда бағдарламада тек көкпар болғанымен, кейін Қырғызстан тарапы араласып, келісімдер негізінде бағдарламаға көкбөрі де енгізілді.
2024 жылы Қазақстанда өткен ойындарда көкпар мен көкбөрі қатар ойналған болатын.