Жаңалықтар

Қазақстанда ЛГБТ қауымдастығының үлесі 10%-ға дейін жетуі мүмкін – Сарапшылар

Фото: pixabay.сom

Астанада кәмелетке толмаған азаматтарға ЛГБТ насихатының әсері туралы зерттеу нәтижелері талқыланды, деп жазды qandastar.kz

Жиында ұлттық өркендеуге жәрдемдесу қорының төрағасы, құқық қорғаушы Үсен Сүлеймен Қазақстанда ЛГБТ өкілдері халықтың 2-10%-ы аралығында екенін мәлімдеді. Дегенмен нақты санды айту қиын, өйткені олардың көбі өзін жасырын ұстайды дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сарапшы жыныстық тәрбие пәнін бастауыш сыныптардан бастап оқытуды ұсынып, жүргізілген зерттеу нәтижелерін жариялады. Зерттеуге сәйкес, әрбір он адамның жетеуі ЛГБТ-ны насихаттау шаралары өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қауіпті деп есептейді.

«Балаларды жыныстық тәрбиеге бірінші сыныптан бастап үйрету керек. Бұл олардың әлемді белсенді түрде танып-біле бастаған шағы. Сол кезеңде бұл білімді «миға құю» қажет. Бұл менің жеке пікірім», – деді ол кәмелетке толмағандарға ЛГБТ-ны насихаттаудың ықпалы туралы зерттеуге арналған брифинг барысында.

Сүлеймен Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің шамамен қанша екенін де айтты.

«Халықтың 70%-ы ислам дінін ұстанады, ал ЛГБТ қауымдастығының өкілдері ел азаматтарының жалпы санының 2-10%-ы болады. Бірақ нақты статистиканы айту қиын, өйткені олардың көбі өзін жасырын ұстайды», – деп түсіндірді ол.

Кездесу барысында қор жүргізген социологиялық зерттеудің нәтижелері де жарияланды. Оған сәйкес қазақстандықтардың 67,3%-ы ЛГБТ-ны насихаттауға заңмен шектеу қоюды қолдайды. Ал респонденттердің 70 %-ы мұндай насихатты жастар үшін қауіпті деп санайды. Оның ішінде 27,6%-ы – яғни әрбір төртіншісі оны жоғары деңгейдегі қауіп ретінде бағалайды.

Зерттеу дәстүрлі құндылықтарды қорғау және кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру шараларын талқылауға арналған кеңірек пікірталастың бір бөлігі ретінде өткізілген.

Сарапшылардың пікірінше, дәстүрлі емес жыныстық қатынастар тақырыбындағы контентті үнемі тұтынатын жасөспірімдер өз жыныстық немесе гендерлік болмысына қатысты ішкі күмән, алаңдаушылық пен қолайсыздық сезімін жиі бастан кешіреді.

Бұдан бөлек, олар:

•    Цифрлық кеңістік жасөспірімдердің көзқарасының қалыптасуына, оның ішінде жыныстық бағдар мен гендерлік болмысты қабылдауына елеулі ықпал етеді;

•    Жас ерекшелігі мен психологиялық жағдайы ескерілмеген, дәстүрлі емес жыныстық қатынастар туралы ақпараттың көп болуы жасөспірімдердің тұлға болып қалыптасуына кері әсер етуі мүмкін;

•    балаларға арналған мультфильмдер, кітаптар мен телесериалдар арқылы дәстүрлі емес қатынастарға символикалық түрде заңды мәртебе беру жасөспірімнің тұрақтылық пен анықтық сезімін бұзуы ықтимал.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының өкілі  сексуалдылыққа қатысты идеологияланған контент жасөспірімдерде психологиялық артық жүктеме туғызатынын атап өтті.

Сонымен қатар маман келесідей мәселелерге себеп болуы мүмкін екенін атады:

•    алаңдаушылық пен сенімсіздіктің жоғары деңгейі;

•    эмоционалдық тұрақсыздық пен күйзеліс жағдайы;

•    сәнге сай келмеу сезімінен туындаған әлеуметтік оқшаулану;

•    тұлғааралық қарым-қатынаста және өзін-өзі танудағы қиындықтар».

Сонымен қатар зерттеу барысында әлеуметтік желілерде ЛГБТ тақырыбына қатысты жарияланымдардың айтарлықтай көп екені анықталды. Зерттеу жүргізілген уақыт аралығында бұл тақырыпта 1559 материал жарияланған. Танымал әлеуметтік медиа алаңдарында ЛГБТ құндылықтарын насихаттайтын блогерлер мен қолданушылардың белсенділігі байқалған.

Айта кетейік, ақпарат алу көздері бойынша респонденттердің көбі ЛГБТ туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден алатынын (63,7%) айтты. Ал дәстүрлі БАҚ – телеарна, радио және баспа құралдары екінші орында (42,6%) тұр.

«Жасөспірімдер болмысы қалыптасып жатқан кезеңде түрлі медиа-контентке өте сезімтал келеді. Бұл олардың мазасыздануына, ішкі күмәнға түсуіне және өз орнын табуда қиындықтарға әкелуі мүмкін. Дәстүрлі емес жыныстық қатынастар туралы негізгі ақпаратты жастар көбіне әлеуметтік желілерден алады. Бұл олардың расталмаған немесе біржақты бағыттағы ақпаратқа тәуелді әрі осал екенін көрсетеді», – делінген есепте.

Зерттеу нәтижелері туралы есеп уәкілетті органдарға және парламентке балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау бойынша жұмыс барысында ескерілуі үшін жолданды.

Аталған мәселе бойынша қоғамдық талқылау парламенті қабырғасында 2025 жылғы қыркүйекте жалғасады деп болжанып отыр.

Еске салайық, бұған дейін USAID Қазақстанда азаматтық қоғам мен ЛГБТ бастамаларын қолдауға 2,7 миллион доллар (1,49 миллиард теңге) бөлгенібелгілі болды. Қаржы 2024-2029 жылдар аралығында Eurasia Foundation арқылы іске асатын жобаларға бағытталған. Бүкіл сома толықтай Қазақстанда пайдаланылмақ.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close