Жаңалықтар

Израильде мыңдаған адам тұтқындарды босатуды талап етті

Фото: Ariel Schalit

Израильдің Тель-Авив қаласында мыңдаған адам қатысқан жаппай наразылық шарасы өтті. Қатысушылар Израиль билігінен және халықаралық қауымдастықтан тұтқындарды кез келген жолмен босатуды талап етті, деп хабарлайды Qandastar.kz DW-ға сілтеме жасап.

Акция Тель-Авивтегі Бейнелеу өнері музейінің жанындағы кең алаңда өтті. Бұл жер қазір бейресми түрде «тұтқындар алаңы» деп аталып кеткен. Шараға қатысушылар санына қатысты деректер әртүрлі: AFP агенттігі 60 мың адам жиналды десе, The Times of Israel шамамен 10 мың адам болғанын жазды.

Наразылыққа себеп болған – ХАМАС пен «Исламдық жиһад» тобы таратқан видеолар. Онда тұтқындағы израильдіктер Эвьятар Давид пен Ром Браславски қатты әлсіреген күйде көрсетілген. Бір видеода Давидты Газа секторының туннелінде өзіне арнап қабір қазуға мәжбүрлегені бейнеленген.

Митингте сөз сөйлеген Эвьятардың ағасы Илай ХАМАС-ты тұтқындарды «аштық пен азаптау тәжірибесінің тірі құрбандарына» айналдырды деп айыптады. Ол бауыры мен өзге де тұтқындарға Газаға жіберіліп жатқан гуманитарлық көмектің жетуін талап етті.

Қазіргі адам төзгісіз халде тұтқындардың бірнеше-ақ күні қалуы мүмкін, — деді Илай Давид.

Ал Ром Браславскидің әкесі Офер Израиль билігін қатты сынға алып, ұлын тағдыр тәлкегіне тастап қойғанын айтты.

Ұлымды видео арқылы көрдім, бірақ танымай қалдым. Ром аштық пен шөлден азап шегіп жатыр, физикалық тұрғыда әлсіреп, рухани күйзеліске түскен. Менің балам көз алдымда өліп барады, — деді ол.

Офер Браславски премьер-министр Биньямин Нетаньяхудан соғысты тоқтатып, барлық тұтқындарды босату жөнінде жан-жақты келісімге қол жеткізуді талап етті.

Ішінара мәмілелер жасау стратегиясы өз нәтижесін бермеді, — деп түйіндеді ол.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button