Жаңалықтар
Лопестің сапары: Мәдени оқиға ма, саяси сигнал ма?

Фото: ашық дереккөз
Журналист, әскери сарапшы Амангелді Құрмет Qasqa Jol арнасына берген сұхбатында соңғы жылдары Қазақстанда мәдени іс-шаралар белсенді түрде ұйымдастырылып жатқанын және бұл үрдістің белгілі бір геосаяси факторлармен байланысты екенін айтты. Оның пікірінше, Дженнифер Лопес секілді әлемдік жұлдыздардың Қазақстанға келуі кездейсоқ емес, деп жазады qandastar.kz
«2022 жылдан бері шетелдік танымал әртістер Қазақстанға келе бастады. Бұл – Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайының жанама әсері. Көптеген өнер адамдары соғыс жүріп жатқан аймақтарға барудан бас тартып, бейтарап әрі қауіпсіз елдерге бет бұруда. Қазақстан – осы бағыттағы таңдаулы елдердің бірі», – деді журналист.
Оның айтуынша, бұл үрдіс Қазақстанның мәдени кеңістігі мен экономикасына оң әсерін тигізуде.
Сонымен қатар, сұхбатта Түркия мен Қазақстан арасындағы соңғы уақыттағы тығыз қарым-қатынастар да сөз болды. Әлеуметтік желілерде бұл байланыстың Ресеймен арадағы қатынасқа ықпал етуі мүмкін деген пікірлер айтылып жүр.
«Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Әзірбайжан мен Ресей арасында аздаған түсініспеушілік туындаған тұста Қазақстан Президенті Түркияға ресми сапармен барып, екіжақты қорғаныс, экономика және мәдени даму салаларында 18 келісімге қол қойды. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның жылы қарсы алуы мен екі ел басшыларының қол ұстасқан суреті әлеуметтік желілерде түрлі пікір туғызды. Дегенмен, бұл – арандатуға негіз боларлық жайт емес», – деді Амангелді Құрмет.
Ол сондай-ақ Ресей тарапынан бұл мәселеге қатысты түрлі пікірлер айтылып жатса да, ресми билік салқынқанды позиция ұстанатынын, дипломатиялық қарым-қатынастың байсалды екенін атап өтті.
«Ресейдің ресми билігі Қазақстанмен салқындыққа жол бермейді. Бұл – қалыпты дипломатиялық процесс. Түркиямен арадағы кездесу мен келіссөздерді әсірелеудің қажеті жоқ», – деп түйіндеді журналист.