Білім
Министрдің уәдесі қайда немесе сынып жетекшілеріне үш есе үстемақы қашан бұйырады

Фото: ашық дереккөз
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024 жылы бірнеше рет мектептегі сынып жетекшілерінің айлығына қосылатын үстемеақы үш есе көбейетінін айтқан, деп жазады qandastar.kz
Бұл бастаманы тіпті, «Президенттің өзі қолдап отырғанын» мәлімдеген. Бірақ былтырғы сүйіншінің игілігін мұғалімдер биыл көре қоймайтын сыңайлы. Осы мәселеге Tizgin.kz үңіліп көрді.
МИНИСТРДІҢ УӘДЕСІ
Ғани Бейсембаев жалпы сынып жетекшілерінің айлығына үстемеақы қосу мәселесін былтыр жыл басында қаузағаны бар. 2024 жылдың ақпанында сынып жетекшілеріне берілетін қосымша ақыны «үш есе өсіруіміз қажет, бүгінгі күні ол 8 мың теңге болса, 30 мыңға дейін жеткізуіміз керек. Бұл үлкен көмек болады» деген-тін. Тіпті министр қызды-қыздымен ол ақы «бәрі сәтті шықса, биылдан бастап қосылуы мүмкін» деп те ұстаздар қауымын үміттендірген.
Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап, бұған мұғалімдердің бір марқайып қалғаны рас. Алайда үстемеақы 2024 жылғы оқу жылында қосыла қойған жоқ. 2024 жылдың тамыз айында журналистер министрдің ақпандағы сөзін есіне салғанда Бейсембаев «бұл бағытта есептеулер жүргізіп жатырмыз» деп жауап берген. Сол айдың орта шенінен кейін бұл тақырыпқа министр қайта оралды.
«Бұл мәселе экономика (ұлттық экономика – авт.), қаржы министрліктерімен бірлесіп шешілуі тиіс. Біз өз тарапымыздан барлық есептедік. Осы жолы болмауы мүмкін. Келесі жылы ықтимал», — деп уәдесінің орындалуын келесі жылға ысырды ол.
Бұдан кейінгі бір жиында Бейсембаев «сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақыны үш есе көтереміз. Президент келісті. Енді сынып жетекшісінің аттестацияда қосылатын балы көп болады. Сондықтан сынып жетекшілері арасында бәсекелестік артады» деген еді. «Президент келісті» деген сөзін ұстаздар алдында 2024 жылдың қыркүйегінде айтқан.
ДЕМЕК, ҚОСЫЛМАЙДЫ
Tizgin.kz тілшісі таяуда министрге осыған байланысты бірнеше сұрақ жолдады. Біз сауалхатта қаншама уақыт өтсе де, не себепті сынып жетекшілерінің айлығына үстемеақы қосылмағанын, бұл уәденің орындалуын кім тежеп отырғанын білмек едік. Президенттің қолдауы да неге мәселені жылдам реттеуге әсер ете алмағанын да білгіміз келген. Оған қоса сынып жетекшілеріне қосымша үстемақы мөлшерін нақты ұлғайту үшін бюджеттен қанша қаражат қажеттігін, Оқу-ағарту министрлігі соманы есептеп, бюджеттік өтінімді Қаржы министрлігіне жолдаған-жолдамағанын да айтуды өтіндік. 2025-2026 жылғы оқу жылы басталғанда, яғни қыркүйекте үстемақы қосылуы мүмкін бе деген де нақты сұрақ қойылған.
Алайда бұған дейін «семіз сөйлеген» министрдің жауабы «арық шықты». Министр редакция тарапынан қойылмаған сұрақтарға жауап беріп кетті:
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес 1-4 сыныптардың сынып жетекшілігіне (топқа басшылық жасау) базалық лауазымдық айлықақының (әрі қарай – БЛА) 50% мөлшерінде, 5-11 (12) сыныптардың сынып жетекшілеріне БЛА-дан 60% мөлшерінде, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары тобының басшысына БЛА-дан 50% мөлшерінде қосымша ақы көзделген», – делінген жауапта.
Ал нақты мәселеге келгенде былайша қысқа қайырды:
«Бюджет кодексінің 73-бабына сәйкес, мемлекеттік бюджеттен шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын республикалық бюджет комиссиясымен қаралады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеуді жетілдіру шеңберінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп зерттеулер жүргізіп, еңбекақы төлеудің жаңа моделін әзірледі. Осылайша, педагогтерге еңбекақы төлеуді одан әрі арттыру еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін әзірлеу шеңберінде кешенді түрде қаралады», — делінген жауапта.
Демек, жауаптан түсінгеніміз, 2025-2026 жылғы оқу жылында сынып жетекшілеріне уәде етілген үш есе үстемеақы қосылмайды. Бюджетті талқылайтын республикалық комиссия отырысы қашан өтетіні белгісіз.
Айтпақшы, бұған дейін Қазақстанның қаржы министрі Мәди Тәкиевтен сынып жетекшілері үшін сұралған сома не үшін мақұлданбай жатқанын сұраған. «Бізге бюджеттік өтінім береді, соған сай қарап шығамыз, бірақ ол өтінім менің есімде жоқ, өтінімді көрген жоқпын» деп жауап берген еді. Оның айтуынша, бұл мәселе 2025-2027 жылғы бюджетті құрылымдау кезінде қаралуы мүмкін.