
Фото: инстаграм/Сәуле Нұрышева
29 маусым күні SCAT әуе компаниясы Астана-Шымкент бағыты бойынша DV 772 рейсіне кәмелетке толмаған баланы ұшаққа отырғызбаған. Бұл туралы баланың анасы Сәуле Нұрышева Instagram әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz
Оның айтуынша, баласы тіркеуден сәтті өткен, бірақ ұшаққа міну кезінде әуе компаниясының қызметкері оны бортқа жібермей қойған. Баланы туған ағасы ертіп жүрген, оған нотариалды расталған сенімхат рәсімделген. Балада ҚР азаматының жарамды төлқұжаты және электрондық форматтағы туу туралы куәлігі болған. Дегенмен, SCAT өкілдері бұл құжаттарды жеткіліксіз деп тауып, оны рейстен түсіріп тастаған.
Ең қызығы, үш күн бұрын, 26 маусым күні бала дәл сол құжаттармен және сол компаниямен Шымкенттен Астанаға еш қиындықсыз ұшып келген. Сол кезде ешкім электрондық куәлікке қарсы болмаған.
Сәуле Нұрышева әуе компаниясы жағдайды түсіндіруге де, көмек көрсетуге де тырыспағанын айтады. Компания тарапынан бірде-бір қоңырау, кешірім немесе әрекет болмаған. 30 маусымда ол SCAT компаниясына ресми шағым жолдағанмен, 10 күн ішінде жауап болмаған. Бір ай өткен соң, 29 шілдеде анасы моральдық және материалдық шығынды өтеуді талап етіп, сотқа арыз түсірді.
«Ең қорқыныштысы, біздің балалар мұндай жағдайлардан қорғалмаған. Бұл бірінші рет болып отырған оқиға емес. Үкімет балалардың құқықтарын қорғауға көңіл бөледі деп үміттенемін», – деп жазды Сәуле Нұрышева.
Ол бұл оқиға әуе компанияларының жауапкершілігіне түрткі болып, балалармен байланысты мәселелерге назар аударуға себеп болады деп үміттенеді. Сонымен қатар қоғамды резонанс көтеруге шақырады.



