Жаңалықтар
Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы елден кешірім сұрады

Фото: бейнеден кадр
Оңтүстік Кореяда тарихта алғаш рет экс-бірінші ханым тергеуге алынды. Ол сотталып жатқан бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің әйелі, деп хабарлайды qandastar.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін, 6 тамыз күні экс-президент Юн Сок Ёльдің әйелі Ким Гон Хи Сеул орталығында прокурордың жауап алуына келді. Ол прокурордың кеңсесіне кірер алдында журналистер қойған сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар ел алдына шығып көпшіліктен кешірім сұрады.
«Мен сияқты адам бүкіл елде алаңдаушылық тудырғанына шын жүректен өкінемін», – деді ол.
Бірақ экс-ханым өзіне тағылған айыптар туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Ким Гон Хи бірнеше қылмыс бойынша күдікке ілінген. Бұрынғы мемлекет басшысының әйелі алаяқтықтан бастап пара алуға дейін барып, өз қызметін теріс пайдаланған деген айып тағылды. Ал күйеуі Юн Сок Ёль былтыр елде әскери жағдай енгізгені үшін түрмеге тоғытылған.
Айта кетейік, Юн Сок Ёльдің соты әлі жалғасуда. Бірақ экс-президент жауап алуға келмей, наразылық танытып отыр.