Жаңалықтар
Сапар Ысқақов: Қыпшақтар мен олардың бабалары тарихта елеусіз қалған

Фото: скрин
Сапар Ысқақов, белгілі жиһангер, құрылысшы және меценат, «Qasqa jol» подкастында қазақ тарихы мен туризмін талқылай отырып, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Ол қазақ халқының тарихи тұлғалары мен хандары туралы өз пікірін білдірді, деп жазады qandastar.kz
“Неге біз өзіміздің мықты хандарымызды, бабаларымызды біле бермейміз? Шыңғысханның мақсаты басқа елдерді жаулап алу болды, ол өз жолында қаншама халықтарды өртеу, жою, құлдыққа алу сияқты әрекеттер жасады. Сол құлдыққа алынғандардың бірі Сұлтан Бейбарыс пен Қалауын еді. Олар кейін билікке келген және тарихта өзіндік із қалдырған тұлғалар. Ал біз Шыңғысханды бабамыз деп санаймыз. Бірақ ол өз заманында қазақтарды қара сүйек деп есептеген. Хан болу үшін Шыңғысханның тұқымынан болу керек, ал Төрелер — қазақтың шежіресіне кірмейтін топ. Сонда қалай Шыңғысхан бізге баба бола алады?», — деді Сапар Ысқақов.
Ол сонымен қатар қазақтың тарихи хандарымен мақтануымыз керектігін де айтты. Мысалы, Тұғырыл хан туралы сөз қозғап, оның сүйегінің Киевтегі музейде сақтаулы тұрғанын айтып, бұл тарихи мұраны елге қайтару үшін бірнеше рет үкіметке өтініш жасағанын жеткізді. Бірақ, ол бұл бастаманың іске аспайтынын тілге тиек етті.
“Сұлтан Бейбарыс және Қалауын сияқты тұлғалармен мақтануға болады. Сұлтан Бейбарыс араб елдерін моңғол шапқыншылығынан құтқарған. Ал Қалауын жайлы көп адам білмейді, бірақ ол да өте мықты тұлға болды”, — деп атап өтті Сапар Ысқақов.
Сапар Ысқақов Қабдеш Жұмаділовтің Шыңғысханды қазақтың бабасы деп санауына қарсы пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақ халқының қалыптасуы мен рулардың біріккен кезде төрелердің рөлі болмайды, сол себепті бұл тұжырым дәлелденбеген.
Қорытындысында, ол қазақ халқының өз тарихын тереңірек зерттеп, оны әлемге таныту қажеттігін атап өтті.