Әлем жаңалықтары
Еуропада Қазақстанның әскери атташесі тыңшылық жасады деп айыпталды: Ол туралы не белгілі

Фото: freepik.com
Қорғаныс министрлігінің халықаралық байланыстар орталығы Польша құқық қорғау органдарының Қазақстанның әскери атташесі аппаратының қызметкерін ұстағанын растады, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, қазір бұл жағдайды шешу үшін шетелдік тараппен байланыс орнатылған. Қазақстан азаматының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажет шаралар қабылданып жатыр.
Польшаның арнайы қызметі Қазақстанның Украинадағы елшілігінде жұмыс істеген әскери атташенің көмекшісін (елшілікке немесе миссияға белгілі бір маман ретінде жіберілетін адам) тыңшылық жасады деген күдікпен ұстаған. ABW (Польша арнайы қызметі) дерегінше, ол әскери барлау офицері болып, Польша мен оның одақтастарына қарсы тыңшылықпен айналысқан.
Ер адам 30 шілдеде Быдгощ қаласында қамауға алынып, сот оны үш айға қамау туралы шешім шығарды. БАҚ оның есімін Ануар Б деп атады. Ол Қазақстанның Украинадағы елшілігінде бір жарым жыл қызмет еткен.
Дипломатиялық иммунитеті Украина аумағында ғана күшінде болғандықтан, Польша билігі оны кедергісіз ұстаған.
Еске салайық, бұған дейін Лондон соты Қазақстанның беделіне нұқсан келтіру мақсатында жұмыс істеген ресейлік тыңшыларға қатысты істі қарады. Ресейлік тыңшылар Қазақстан билігін сынау үшін «Боратты» жалдамақ болғанын жазған едік. Сотта күдіктілер алқабилерге ресейлік қауіпсіздік қызметтері қазақстандық арнайы қызметтерге ұйымдастырылғалы жатқан наразылық акциялары туралы жалған ақпараттар беріп, «олардың ықыласына ие болғысы» келгендері туралы мәлімдеме жасады.